Балаңды ұрсаң, түрмеге қамаласың! «Бір шапалағын беріп сабасына түсіремін» деген кезең кетті. Елде жаңа заң күшіне енбек. Енді сотқарлық жасаған перзентіне сес көрсеткендер бірден сотталады. Аз емес, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 4 миллион теңге айыппұлы тағы бар. Жұртты дүрліктірген жаза туралы әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. «Өзекті» айдарында Аружан Задабек кеңінен тоқталады.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
Еске түсірейікші... Бұрын бала тәрбиесі десе – оқтау мен белбеу бірінші кезекте есімізге түсетін. Анаң үндемей ғана: "Бар! Оқтауды әкел!" — десе...Сенің көз алдыңда өмірдің мәні өзгеріп кететін. Бұл – тәрбие құралы емес, бұл – "қорықсаң, тыңдайсың" деген ескі түсініктің символы. Бірақ заман өзгерді. Заң өзгерді. Адам да өзгерді. Қазір баланы ұрып көр. Айыппұл. Қылмыстық жауапкершілік.Себебі – бала зат емес, бала – жеке тұлға.
Бұрынғыдай "еттен өтсе де, сүйектен өтпесін" деген мақалмен бәрін жауып қоя алмаймыз.
Тіпті заң қабылданған соң сол мақалдың бәрін өзгертейік деп әзілдеп жатыр жұрт.
Бұрын «Таяқ – тәртіп құралы» десек, қазір оны «Мейірім – баланың иммунитеті» деп өзгертуге болады. Сосын «Балаға сөз өтпесе, қол өтсін» дейтін. Қазіргілер мұны да түрлендіріп, «Қол көтерген – әлсіздің әрекеті» депті.
Иә, бұл жаңалық дүр сілкіндірді. Көбі қолдамайтынын ашық жазып жатыр.
БЛИЦ:
- Біздің заманда осы заң болғанда түрмеде бос орын болмай қалатын шығар. Одан жаман болған жоқпыз.
- Ата-анасын соттап балаларын қайда жібермекші? Онда тек түрме мен балалар үйін салу керек қой. Басқа не қалды? Сөзім жоқ.
- Баланы ата-анаға қарсы қою ғой бұл. Балаға бір айтасың. 2, 3, 4 айтасың. Ұрсуға тура келеді. Өзі талпынып істейін деген бала жоқтың қасы. Есіл-дерттері телефон.
«Бала тілі – бал» демекші, былдырлай бастаған бүлдіршіннің әр сөзіне қуанып, мәз болатынымыз бар. Бірақ, қазір байқайсыздар ма, перзенттеріміз көбі кеш сөйлейтін болған. Бұрын бала тілі кеш шықса, әжелеріміз не істейтін еді? «Ішек-қарынмен қылқындыр, сонда тілі ашылады!» дейтін. Қазірге дейін бұл ырым бар. Бірақ бәрі бірдей қолдана бермейді. Ата-аналар бірден әрекетке көшуді үйренді. Логопед іздейді, арнайы сабақтарға тасуға дайын. «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп сенбейді. Желідегілер осы тақырыпты талқылап, талас-тартысқа түсіп жатыр.
БЛИЦ:
- Баланы ауа жетпегенше қылқындырмайды. Тек мойынына салып, ырымын жасайды. Енді дәстүрді де түрпі етііп көрсететін болдық. Осылай деп жүріп, салт-дәстүрді де ұмытпасақ болды.
- Масқара ғой. Қылқындырамын деп тамырына зиян ғой. Осыған штраф салу керек. Мынау адамға зиянын тигізеді.
Желіде қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі -мынау. Астанада 15 қыркүйектен бастап жұмыс күнінің басталу уақыты өзгереді. Енді әкімдік пен қалалық коммуналдық ұйым қызметкерлері жұмысқа таңғы 7:30-да кірісуі тиіс. Мемлекеттік және жартылай мемлекеттік ұйымдар жұмысын 7:30-да немесе 8-де бастай алады. Ерте келсе ерте қайтады. Бұл таңғы және кешкі кептелісті азайту үшін қолға алынып отыр. Бірақ балабақша, мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты әлеуметтік мекемелер мен бизнес нысандарының жұмыс уақыты өзгеріссіз қалды.
БЛИЦ:
- Мен сонда 8-ден ашылатын балабақшаға 7:30да басталатын жұмысыммен баламды қалай апарамын?
- Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын таңғы 8.00-ден басталатын етіп згерту керек. Қызметі керек болса жұмыстан шыға алмай қаламыз. Сенбі күні демалып, жұмысты бітірейін десек, оларға да демалыс.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Келесі кездескенше!