$540.05 €629.16 ₽6.65
×

Онлайн казиноны жарнамалаған блогерлер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

Онлайн казиноны жарнамалаған блогерлер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

Елімізде соңғы екі жарым жылда 205 жасырын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ойынханалармен күрес күшейсе де, заңсыз бизнестің тамырына балта шабылар емес. Әлеуметтік желіні ашсаңыз онлайн казинолардың жарнамасы желдей еседі. Тіпті блогерлардың «миллиондап табысқа кенелесің» деп насихаттап жүргенін де көз көрді, құлақ естіді. Жас та, кәрі де құдайдай сенетін желі жұлдызы осылай пиар жасап жүргені көпшілікті алаңдап отыр. Биылдың өзінде 34 блогердің осындай жарнамаға қатысы бары анықталды. Оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалған іс жауапты министрлікке жолданған. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес. Бірнеше рет айыппұл төлесе де, заңсыз әрекетін жалғастырып отырғандар жетерлік. Өйткені миллиондап тапқан пайдасы төлеген қаржысынан әлдеқайда асып түседі. Сенаторлар іс насырға шаппай тұрғанда жазаны қатаңдату керек дейді.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әсіресе, олардың онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде.

Блогерлар казиноларды ұйымдастыру немесе кірісті бөлісу ісіне қатысы болса, сыбайлас ретінде қаралады. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов осылай дейді. Ал жарнамалауға қатысты жазаны қатаңдату бастамасын көтергенін, Ұсынысты тиісті органға жібергенін хабарлады.

ЖЕҢІС ЕЛЕМЕСОВ, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан аумағында заңсыз қызмет еткен казиноларға тосқауыл қойдық. Алайда онлайн казинолар шетелде іске қосылады да, еліміздегі блогерлер арқылы жарнама жасайды. Осының салдарынан тұрғындар құмар ойындардың шырмауына түседі.