Енді тұрғындардың азық-түлікті ваучер арқылы сатып алуға мүмкіндігі бар. Дүкендер әлеуметтік маңызы бар тауарларды нарықтық бағадан 25%-ға дейін төмен жеңілдікпен сатуға міндеттеледі. Жүйе атаулы әлеуметтік көмек алатын 245 мыңнан аса адамды қамтиды. Бүгінде «Әлеуметтік әмиян» сервисінде жүзеге асырылатын жоба пилоттық режимде жұмысын бастап кетті.
Павлодар облысында биыл 31 мың гектар аумаққа картоп егілген. Диқандар оның 4 мыңын жинап үлгерді. “Түсімі жаман емес” дейді. Әр гектардан 268 центнер өнім алынуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Сәйкесінше, бағасы арзан.
АСЫЛТАС ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ӨСІМДІК ДАМЫТУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Егіс алаңынан өткізу бағасы 100 теңге. Сәбіз 90 теңге. Өнімділік жақсы болды да, баға біршама түсті өткен жылғымен салыстырғанда.
Оралда да бау-бақша өнімдері арзандады. Аймақтағы бағбандар мен шаруалар өз өнімдерін қала мен аудандарда ұйымдастырылатын жәрмеңкеге шығара алады. Осылайша тұтынушылардың көкөністер мен жемістерді арзан бағаға алуына қолайлы жағдай жасалып отыр.
НҰРГҮЛ АШЫҚОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, КӘСІПКЕР:
Жергілікті өнім болғаннан кейін мына картошканың қазіргі құны 110 теңге сатылуда. Пияздың құны 80-90 теңгенің аралығында. Қырыққабаттың құны 100 теңге. Сәбіздің құны 160 теңге болды. Қызылша 120 теңге.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада елде картоп 4%-ке арзандаған. Ал пияз, сәбіз, орамжапырақтың бағасы 2-3%-ке төмендеді. Ет өнімдерінің бағасы да бақылауда.
КРИСТИНА КРЕМЕР, ҚР СИМ САУДА КОМИТЕТІ БАҒАНЫ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ТАЛДАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ауылшаруашылығы министрлігі биылғы астықтың түсімі жақсы болады деп болжайды. Сондықтан баға да тұрақталатынына сенеміз. Сауда үстемесі 15%-тен аспайтынын жіті бақылаймыз. Ал жеміс-жидекке келер болсақ, Үкіметтің тапсырмасымен жасыл дәліз құрылды. Соған сәйкес тауарды жеткізуге және тасымалдауға қосымша шығын жұмсалмайды.
Халықтың осал топтарына цифрлық ваучер үлестіріледі. Бұл тетік «eGov Mobile» мобильді қосымшасының базасында – "Әлеуметтік әмиян" сервисінде жүзеге асырылды. Жүйе аз қамтылған отбасының әр мүшесіне 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (3 932 теңге) ваучер беріледі. Мәселен, 4 адамнан тұратын отбасы шамамен 16 мың теңгеге жуық ваучер алады. Бұл қаржыны серіктес дүкендерде жеңілдік алу үшін пайдалануға болады.
ФАРАБИ ҚАЛДЫБИЕВ, «ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
АӘК алушы серіктес дүкеннен сауда жасағанда, кассада тиісті QR-кодты көрсетеді. Сонда оның себетіндегі 19 түрлі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына – мысалға, ұнға, нанға, жармаға, көкөніске, етке, сүт өнімдерін, майға, жұмыртқаға жеңілдік ұсынылады. Тауардың нарықтық құны мен жеңілдікті бағасы арасындағы айырмасы ваучерден ұсталатынын, ал, қалған соманы сатып алушының өзі төлейтінін түсіндірді.
Қазір жоба пилоттық режимде Ақкөл қаласында іске қосылды. Қыркүйек айының соңына дейін ұқсас жүйе Көкшетау және Павлодар қалаларында енгізіледі. Сәтті болса бүкіл елге таратылады.