Дәл қазір еліміздің бас аренасында Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі кезекті – төртінші кездесуін өткізіп жатыр. Бүгінгі қарсылас – Уэльс. Қонақтар 6 ұпаймен топтың екінші сатысында тұр. Ал біздің құраманың еншісінде әзірге 3 ұпай ғана. Бірақ бәрі әлі алда. Ойын барысын әріптесім Сүндет Оралбек бақылап тұр. Сүндет, ойын қалай өрбуде?
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Рақмет, Лаура! Қазір алғашқы таймның бел ортасына келді. Әзірге есеп ашылған жоқ. Қазақстан әдеттегідей қорғанысқа көбірек көңіл бөлуде. Ұлттық құраманы қолдауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың. Билет түгелімен сатылып кетті. Стадионда ине шаншар орын жоқ. Жанкүйерлер әлі де келіп жатыр. Ойынға қатысты ойларын білген болатынмын.
БЛИЦ:
- Бүгін ойын ауыр болады. Өйткені АПЛ-дің игроктары өте тәжірибелі. Біздің де тәжірибеміз бар. Еуропа Чемпионатында ұттық. Финляндияны да ұттық.
- Кейінгі мына жастардың келіп жатқаны қуантады. Лайым солай болсын. Бүгін жеңіс болсын.
- Біздің қазақтың қарагөз балалары ойнап жатқанына қуаныштымыз. Әрқашан да қазақ жігіттері биіктен көріне берсін! Алға, Қазақстан!
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Футбол мамандарының айтуынша, біздің құраманың мундиальға бару мүмкіндігі әлі де бар. Ол үшін әрбір кездесуде ұпай алу маңызды. Алда ел намысы сынға түсер маңызды ойындар көп. Жігіттер 3 күннен соң сырт алаңда Бельгиямен ойнайды. Ал 10 қазан күні Елордада Лихтенштейнді қабылдайды. 13 қазанда Солтүстік Македониямен 3 ұпайды сарапқа салса, 15 қараша Бельгия құрамасы қонаққа келеді. Бұл іріктеу кезеңіндегі соңғы ойын болмақ. Жігіттерге артылар жүк ауыр. Үкілеген елдің үміті ақталады деген ойдамыз. Айта кетейік, бүкіл әлем көз тігетін байрақты бәсеке келер жылы АҚШ, Канада мен Мексикада болады. Футбол тарихында бұлай біріккен мундиаль бұрын-соңды болмаған.
Мендегі ақпарат осы. Лаура, сөз өзіңде.