Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қарсаңында Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Депутаттар Президенттің Жолдаулары мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты тыңдады. Іс-шараны ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр Жолдау – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтынын және азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жүйелі жауап беретінін атап өтті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Үкімет пен Парламенттің өзара үйлесімді жұмыс атқаруы - тиімді мемлекеттік саясаттың негізі. Өйткені біздің мақсатымыз бір. Ол - еліміздің өркендеуі, халықтың тұрмысын жақсарту. Бұл үшін Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауларындағы тапсырмалары дер кезінде орындалуы тиіс. Ортақ мұрат жолында жұмыла әрекет еткенде ғана біз нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз.