Владимир Копылов ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімі сапында қызмет етеді,-деп хабарлайды Astana TV.
Ұлты орыс болса да, Владимир қазақ тілін жетік біліп қана қоймай, өзбек, қырғыз, ұйғыр және татар тілдерінде еркін сөйлейді. Ұлттық ұлан қатарына Шымкент қаласынан шақырылған Владимирдің тіл білуге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Ол түркі әлемінің тілдерін меңгеруді мақсат тұтқан.
Арманым-барша түркі тілдерінде сөйлеп, ұлттар арасындағы достықты нығайту, – дейді сарбаз.
Владимир түркі тілдерінің ішіндегі сирек қолданылатын қарашай, қарақалпақ және ноғай тілдерінде сөйлей алады.
Тіл білудің пайдасын ұландық күнделікті қызмет барысында сезінеді. Ол үшін патрульдік қызметте Алматы шаһары тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де, түрлі ұлт өкілдерімен тіл табысу да еш кедергі келтірмейді. Қазаққа қазақша, өзбекке өзбекше, ұйғырға ұйғырша жауап беріп тұрған Владимирді көргенде, қаруластары да таңдай қағады.
Тек тіл білімімен ғана емес, өнерімен де ерекшеленетін Владимир ротадағы ең белсенді, әскери қызметтің үздік сарбаздарының бірі. Қаруластары шашын қидырғысы келсе, Владимирге барады, себебі ол – нағыз шебер шаштараз. Одан бөлек әскери бөлімнің мобилографы.