$537.91 €628.87 ₽6.6
×

«Еуропа Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр»,- Трамп

05.09.2025ж. 19:00
«Еуропа Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр»,- Трамп

Енді Пентагон – Пентагон емес. Дональд Трамп АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің атауын «Соғыс министрлігі» деп өзгертті. Сөзінше, бұл атау әлдеқайда батылырақ. Осы арқылы өз мүдделерімізді қорғау мақсатында соғыс ашуға да дайынбыз деген Трамп Ресей мен Украина арасындағы жауластықты әлі тоқтата алмады. Енді ол бұған Еуропа елдерін айыптап отыр. «Кәрі құрлық екі ел арасындағы соғысты қаржыландырып отыр» дейді. Осы және өзге де жаңалықтарды Мөлдір Жақан жеткізеді. 

Қайырлы кеш, көрермен! Эфирде - «Жер-жаһан».

Дональд Трамп Еуропа елдеріне шүйлікті. «Ниеттілер коалициясы» Парижде кездескен соң, АҚШ Президенті Владимир Зеленский және Еуропадағы мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Трамп кәрі құрлықты Ресейден мұнай сатып алу арқылы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр деп айыптады. Сол үшін Ресейді мұндай табыс көзінен айыру керек деген пікір білдірді. Сондай-ақ Ресейді қолдап отырған Қытайға да экономикалық қысым жасауға шақырды. Айта кету керек, жуырда Путин Зеленскиймен кездесуге қарсы еместігін айтқан еді. Тіпті, Украина басшысын Мәскеуге шақырды. Алайда Зеленский өзінің дәл қазір Мәскеуге баруын мүмкін емес деді. Сондай-ақ бүгін Ақ үй басшысы Трамп жақын арада Владимир Путинмен онлайн хабар алмасатынын айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Путинмен міндетті түрде сөйлесеміз. Тамыз айында онымен пікір алмасуымыз сәтті өтті деп ойлаймын.

Дегенмен, Франция Президенті Еуропадағы 26 мемлекет бар күшін Украинаға бұрып, көмек беруге ниетті екенін айтты. Тіпті, қауіпсіздік кепілдігін дайындады. Олар Украина аумағында әскер орналастырмақ.

ЭММАНЮЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

26 ел Украинаға әскер орналастыруға міндеттеме алды. Бұл шаралар Украина тарапы үшін қауіпсіздік кепілдігі ретінде қарастырылған. Бітімгершілік күштер жерде, теңізде және әуе кеңістігінде болады. Қазір бұл бастамаға тағы 35 мемлекет ниет білдіріп отыр.

Израиль Газа қаласының 40 пайызын бақылауға алды. Бұл операция алдағы күндері кеңейіп, күшейе түспек. Қазір ХАМАС-тың инфрақұрылымына, соның ішінде Зәйтүн аймағындағы жерасты нысандарына жаппай соққы беру жалғасып жатыр.

ЭФФИ ДЕФРИН, ИЗРАИЛЬ ҚОРҒАНЫС ӘСКЕРІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Хамас Газа қаласында Израиль қорғаныс әскерінің толық құрамымен бетпе-бет келеді. ХАМАС жеңілгенше оған қысымды күшейтуге дайынбыз. Біз оның жер-жебіріне жетеміз.