Шымкенттегі Қарабастау тұрғын алабының жұртшылығы он жылдан бері жол азабын тартып келеді. Асфальт төсеуге әкімдік жыл сайын уәде бергенімен, сөз жүзінде қалып келеді деп арнамызға шағым айтты. Тұрғындардың арызын өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы тыңдады.
Қарабастаудағы Жаңа құрылыс аумағында жүзшақты үй бар. Үлкен-кіші орталыққа жетуі үшін соңғы аялдамаға дейін кедір-бұдыр жолмен жаяу сабылуға мәжбүр. Бұрындары өздері ақша жиып тас төсегенмен, жыл сайын белуардан балшық кешіп қиналатындарын айтады. Соңғы оншақты жылда әкімдік тарапынан мұнда былтыр ғана шағал тас төселді дейді.
ШАЙБАЛА РЫСМЕНДИЕВА, ҚАРАБАСТАУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көшіп келгенімізге 13 жылдан асып кетті осы жерге. Жылда уәде береді әкімдер. Бірақ ешқандай жол салу деген болмай жатыр. Қар жауғанда қардан омбылап жүре алмайды. Не автобус жоқ. Не жол жоқ.
НҰРГҮЛ НҰРЛАНҚЫЗЫ, ҚАРАБАСТАУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен даже автобусқа бару үшін жарты сағат 1 сағаттай жаяу барамын. Өйткені бізде автобус аялдама өте алыс. Даже магазин алыс бізге. Лай боп, балшық боп тіземізге дейін кешіп келетін кездеріміз болады.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қарабастаудағы мына жолға шағалтастың өзі былтыр ғана төселіпті. Жаңадан салынған Жайлы мектепке апарар жол-бұл. Алайда Жайлы мектеп оқушыларға жайлы болғанмен, жолы жайсыз болып тұр. Әсіресе жауын-шашында қырға қарай шығып-түсу тіпті қиын дейді тұрғындар.
АСҚАР ШҮКІРАДИНОВ, ҚАРАБАСТАУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына арадан жолға шығу...мына жерде яма бар. Соған труба қою керек. Сол істейміз деп акимат өзі уәде беріп кеткен, сөз берген басында, не ол істелген жоқ. Ертең қыстың күні скорый келе алмайды мына жаққа.
Ал әкімдіктегілер биылғы уәде- уәде деп сендіруде. Қарабастау бойынша 17 көше асфальтталып, 10 көше орташа жөнделіпті. Жыл соңына дейін тағы 17 көшеге жол салу жоспарда бар дейді.
БАУЫРЖАН БІРЖАН, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
Төменгі бөлігіндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін Жайлы мектеп маңына қарай өтеді. Қымызқұдық жоспарда бар. 2 Қымызқұдық, Күмісті көшесі барлығы атқарылып кетеді. Нақты қыркүйек айының соңына дейін басталып, қазан айының соңына дейін толық аяқтап шығып кетеміз.
Ал Жайлы мектепке төтесінен жеткізетін жолдың жайы бөлек болып тұр. Биыл асфальттау жоспарда болғанымен ойлы -қырлы жер бедері құрылыс нормативтеріне сәйкес келмей тұрғанын жасырмайды басқарма өкілі. Мамандар сол жағын әлі де ақылдасып жатқан көрінеді.