$537.91 €628.87 ₽6.6
×

Енді оқушылар мектепте мүлдем телефон ұстамауы мүмкін

Енді оқушылар мектепте мүлдем телефон ұстамауы мүмкін

Оқушылардың мектепте смартфон қолдануына заңмен тыйым салу қажет пе? Депутат Асхат Аймағамбетов осы сұрақты қоғам талқысына ұсынды. Еуропа елдерінде бұрыннан енгізілген бұл жүйе қазақстандық оқушыларға қалай әсер етеді? Біздің ел мұндай өзгеріске қаншалықты дайын? Тілшіміз Назерке Алтынбек зерделеп көрді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Иә, кеше ғана депутат өз инстаграм парақшасына осындай жазба жазды.

Әлемдік тәжірибе бұл үрдістің дұрыс екенін көрсетіп отыр. Көптеген дамыған елдердің жетекші мектептерінде смартфонға тыйым әлдеқашан енгізілген және ол нақты нәтижесін беріп келеді. Тіпті кейбір Еуропа мемлекеттері бұл шектеуді заңмен бекіткен. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай әлемдегі білім беру жүйелерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде шектеу енгізген.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Бірақ жазба астындағы пікірлерге қарасақ,  қолдағаннан бөлек, бұған қарсы шыққан  ата-аналар да  бар.

БЛИЦ:

- Телефон қажет нәрсе ғой. Бала телефонсыз келіп, мектептен шыққанда ұрлап кетсе, қолында соғар телеофоны болмаса қиын ғой. Қазір телефонсыз адам, шарасыз.

- Кешіріңіздер, мен қызыма телефон берем. Ойнау үшін емес, қауіпсіздігі үшін. Маған штраф десе де, басқа десе де бәрібір.

- Чат гпт-дің білімі емес, баланың шынайы білімі тексерілуі керек. Қолдаймын!

Ал мұғалімдер оқушылардың қалтасындағы смартфонын ойлап есі шығатынын жасырмайды. Айтуларынша, кей оқушылар артқы партада отырып, тығылып ойын ойнайды. Ал тапсырмаларды интернеттен дайын күйінде көшіруге тырысады.

АЙБЕК ӨГІЗБАЕВ, МҰҒАЛІМ:

Балалар мектепте телефонмен отырғанда, ол баланың ойы екіге бөлініп отырады. Телефонға қарағысы келеді. Яғни, сабақты бірінші емес, екінші орынға қойғысы келіп  ұрады. Интернет желісінен көшіргісі келіп тұрады. Ал телефон алыста болса, өз ойын, кретивтілікті қосып, бар ынтасымен қатысады.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Дегенмен қазір біраз мектепте "Телефонсыз бір күн" жүйесі енгізілген. Мұнда балалар осылай арнайы жәшікке смартфонын салып,  үзілісте ала алады.

Алайда бұл бастама бірден қолдау таппаған. Мектеп басшылығы ешкімді күштемегенін айтады. Уақыт өте оқушылар мен ата-аналар бұл жүйенің тиімділігін түсініп, өз еркімен қолдаған. Бұл тек білім сапасына емес, балалардың өзара байланысына да айтарлықтай әсер еткен.

БАҚЫТГҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жобаны жүзеге асырғаннан бастап, оқушылардың бір-біріне деген қарым қатынасы, байланысы, сабақтарын бір-бірімен талқылайды.  Яғни, достық қарым-қатынастары арта түсті.

Телефонға тыйым салу, білім сапасын арттыру жолы ма, әлде балалардың қауіпсіздігіне кері әсер ме? Қоғам бұл сұраққа нақты жауап таппады. Алайда бір нәрсе анық, цифрлық құрылғылардан бас тарту тек оқушының емес, ата-ананың саналы түрде дайын болуын талап етеді.