Мемлекет басшысы өз жолдауында Әділетті Қазақстан құру үшін ең бастысы - заң мен тәртіп, экономикалық өсім және қоғамдағы оптимизмді күшейту деген еді. Экономикаға келсек, ел алдында мықты әрі әртараптандырылған жүйе құру міндеті тұр. Биыл өнеркәсіп өндірісі 7 пайызға жуық өссе, тау-кен өнеркәсібі 8,5, өңдеу саласы 6 пайызға артқан. Өсімнің негізгі бөлігі машина жасау саласында. Бұл бағытта 14 пайыздық өсім байқалды. Әсіресе, автокөлік құрастыру - 19, ауыл шаруашылығы техникасы - 6 пайызға көбейген. Жаңа өндірістер де қатарға қосылуда. Саранда – теледидар мен кір жуғыш машиналар, Алматыда – мультибрендті автозауыт, ал Қостанайда KIA көліктерін шығаратын зауыт іске қосылды. Металлургия саласы да оң қарқын көрсетіп отыр. Мұнда өндіріс 1 пайыздан астамға өскен.
ОЛЖАС САПАРБЕКОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бастамаларды қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру құралы іске қосылды, онда жеңілдікті бағамен дайын өнеркәсіптік алаңдар жалға берілетін болады. Мұндай аймақтар сегіз өңірде салынуда, 90-ға жуық жобаны іске қосу және 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.