ШҚО ТЖД 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет пультіне бес ер адамның балық аулау үшін Алтай ауданына шығып, белгіленген уақытта үйлеріне оралмағаны туралы туыстарынан қоңырау түсті.
Оқиға орнына дереу ТЖМ құтқарушыларының жедел тобы жіберілді. Іздеу-құтқару жұмыстары күрделі жер бедері мен өтуі қиын аймақтарда жүргізілді.
Іздеуге ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар), жүзу құралдары және жаяу іздеу топтары жұмылдырылды. Балықшылардың көлігі дронның көмегімен табылды.
Тексеру барысында ер адамдар мінген көліктің бензині таусылып, ауа райының қолайсыздығына байланысты жақын елді мекенге жете алмағаны анықталды. Олармен байланыс болмаған.
Құтқару операциясы сәтті аяқталды. ТЖМ құтқарушылары бес балықшыны қайықпен қауіпсіз жерге жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.