×

Пәкістанда су тасқыны қаупіне байланысты шамамен 110 мың адам эвакуацияланды

06.09.2025ж. 08:29
Пәкістанда су тасқыны қаупіне байланысты шамамен 110 мың адам эвакуацияланды

 Тамыз айынан бері Пенджабта 1,8 миллион адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп жазды Анадолы агенттігі.
Пәкістанның Синдх провинциясында Үндістан бөгеттерден су жібергеннен кейін туындаған су тасқыны қаупіне байланысты шамамен 110 мың адам қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды.

Провинция билігінің мәлімдемесінде Инд өзенінің маңындағы төменгі жазықтарда тұратын тұрғындарды көшіру қарқын алғаны айтылған.

— Инд өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны қаупі бар аймақтардан шамамен 110 мың адам эвакуацияланды. Қауіпті аймақтардан халықты көшіру жалғасуда, — делінген хабарламада.


Пәкістанның Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің (NDMA) деректеріне сәйкес, тек тамыз айында Пенджаб провинциясында 1,8 миллион адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Өзендердің тасуы салдарынан 3900-ге жуық ауыл су астында қалған.

Үндістан су тасқыны шекарадан өтуі мүмкін екенін Пәкістанға дипломатиялық арналар арқылы алдын ала хабарлаған. Үндістан сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвал су тасқыны туралы мәліметтердің Исламабадқа жеткізілгенін айтты.

Оңтүстік Азияда маусымнан қыркүйекке дейін болатын муссон жаңбырлары жыл сайын Үндістан мен Пәкістанды қоса алғанда, өңір елдерінде ірі табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға себеп болады.

2025 жылдың 26 маусымынан бері Пәкістан аумағында болған су тасқындарынан 800-ден астам адам қаза тапты, ал Үндістанның Химачал-Прадеш штатында маусым айынан бері шамамен 300 адам көз жұмды.