Қызылжарда латын əліпбиін үйрететін арнайы орталық ашылды. Ересек адамдар тың грамматиканы тез меңгеруі үшін кітапхана қызметкерлері ерекше әдіс ойлап тапқан. Жаңа әріпті үйренуге ниеттілер бар ма? Аймақтағы тілшіміз әңгімелейді.
Бала күнінен кітап оқуға әуес болған Ардақ Қажымұратов әлі күнге дейін кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қолданыста болған латын қаріптерін таниды. Сондықтан жаңа әліпбиді үйрену аса қиынға соқпас, деп санайды.
Ардақ Қажымұратов, Петропавл қаласының тұрғыны:
Мектепте немісше оқыдық. Әріптер ұқсас. Түркі тілдес халықтар енді бір-бірін тіпті жақсы білетін болады, деп ойлаймын.
Оқу курсы бір айға созылады. Сабақ сейсенбі мен бейсенбі күндері өткізіледі деп жоспарланған. Мұғалімдер әріп тану сабағына көшпей тұрып, дәрісті тарих тағлымынан бастайды екен.
Жанат Мұхамеджанов, «Қызылжар» қосымша білім беру орталығының жетекшісі:
Шет тілін оқымаған кісілер. Осы жерде біз әріптермен таныстырып, өздерінің аты-жөндерін қалай жазу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кезіндегі латын әліпбиінде болған оқулықтар, газет-журналдармен танысып, кіріспе жасап жатырмыз.
Латын әліпбиі елімізде 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен енгізіледі деп жоспарланғаны белгілі. Алайда, білім ордаларының өкілдері оны кейінге қалдырмай, осы бастан меңгере бергенді жөн санайды. Мәселен, қаладағы №8 орта мектеп өз оқушыларын аталған орталықта жаппай оқытуды көздеп отыр.
Дина Әбілмажінова, Петропавл қаласы №8 орта мектептің директоры:
Бүгінгі күні біздің мектебіміз бес күндік режимде жұмыс жасап жатыр. Сол алтыншы күні қосымша сабақ ретінде балаларымызды жіберетін боламыз.
Орталықта қазақ орфографиясының жаңа тәсілін меңгеруге ниеттілердің қарасы қалың. Бір топта 10-12 адам бар. Курстардың алғашқы легі бірер күннің ішінде толған. Ал үлгермей қалғандар келесі айда оқытылмақ. Болашақта орталық өкілдері аудан тұрғындары үшін курстарды онлайн режимде өткізуді көздеп отыр.
А.ҚҰРМАНКИН