$537.91 €628.87 ₽6.6
×

Алатау қаласына 10 күн ішінде арнайы мәртебе беріледі

08.09.2025ж. 11:51
Алатау қаласына 10 күн ішінде арнайы мәртебе беріледі

Мемлекет басшысы 10 күннің ішінде Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы жарлық жобасын әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, алты айдан кешіктірмей қаланы басқару тәртібі, қаржылық моделі және басқа да маңызды тұстарын реттейтін жеке заң қабылдануы тиіс.

Мемлекет басшысы арнайы мәртебе артықшылық емес, көзделген жоспарларды жүзеге асыруға қажетті мәжбүрлі шара екенін атап өтті.

“Alatau City өңірдегі алғашқы толықтай цифрлық қалаға айналуы тиіс. Атап айтқанда, Smart City технологияларын қолданудан бастап, тауарлар мен қызметтерге криптовалютамен төлеу мүмкіндігіне дейін. Бұл қала Қазақстан болашағының бейнесін көрсетіп, технологиялық прогресті барынша жайлы өмір сүру ортасымен ұштастыруы қажет”, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жалпыұлттық мәнге ие жобаны іске асыру үшін арнайы аумақ бөлініп, бастапқы жоспарлау аяқталғанын және негізгі инфрақұрылымдық желілер қосылғанын айтты.

“Біздің жаңа іскерлік белсенділік пен инновация орталығымыз Алатау қаласы болуы тиіс. Жуырдағы Қытайға сапарым барысында әлемдік деңгейдегі компаниялармен көптеген миллиардтық келісімдерге қол қойылды. Сол компаниялардың бірі – жаһандық технополис Шэньчжэньді салуға атсалысқан. Сондай-ақ ол тікелей Alatau City жобасын жүзеге асыруға қатысады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.