Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс, деп атап өтті Президент Халыққа арнаған Жолдауында.
«Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы соңғы авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін де көп жұмыс істеліп жатқанын айтты. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталып, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр.