$537.91 €628.87 ₽6.6
×

Қазақстанда оқулықтардың сапасын тексеретін педагог-эксперттерді онлайн іріктеу басталды

08.09.2025ж. 14:12
Қазақстанда оқулықтардың сапасын тексеретін педагог-эксперттерді онлайн іріктеу басталды

Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды сараптау саласында жұмыс істеу үшін педагог-сарапшыларды іріктеудің жаңа кезеңі басталғанын хабарлайды. Барлық рәсімдер онлайн форматта E-EXPERT.GOV.KZ платформасында өткізіледі. Бұл үміткерлерге елдің кез келген өңірінен қатысуға тең мүмкіндік береді,-деп хабарлайды Astana TV.

Бүгінде орталықтың базасында оқыту мен байқау кезеңдерінен жаңа формат бойынша сәтті өткен 400-ден астам сарапшы тіркелген.

E-EXPERT.GOV.KZ платформасы құжаттарды тексеруден бастап тестілеу, әңгімелесу, эссе жазу, модульдік оқыту және қорытынды сертификаттауға дейінгі негізгі үдерістерді автоматтандырды.

«Платформаны енгізу - іріктеу үдерісін барынша ашық әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік берді. Бүгінде біз сарапшылар қауымдастығын тиімді қалыптастырып, педагогтерді іріктеу сапасын қамтамасыз етіп отырмыз», -деп атап өтті орталық директоры Назира Абдрахманова.

Орталық еліміздің барлық өңіріндегі педагогтерді байқау іріктеуіне қатысып, Қазақстандағы орта білім сапасын қалыптастыратын кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болуға шақырады.