Arman-PV баспасының бас директоры Дидара Алинаның айтуынша, Президент Жолдауы- жаңа дәуірдің бастамасы.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдай отырып, еліміз үшін аса маңызды жаңа бағыттар айқындалды. Президент көтерген мәселелердің өзегі – әділетті қоғам құру, экономика мен білімді жаңа сатыға шығару, заманауи технологияны батыл енгізу,-дейді ол.
Жолдауда ерекше назар аударылған салалардың бірі – білім. Президент жасанды интеллектіні меңгеру мектеп қабырғасынан басталуы қажет екенін нақты атап өтті. Бұл — біз үшін ғана емес, ұрпақтың болашағы үшін де тарихи шешім. Арнайы оқу бағдарламалары мен оқу материалдарының әзірленуі, ұстаздардың AI дағдыларын қалыптастыруы – еліміздің білім жүйесін түбегейлі жаңартуға жасалған нақты қадам. «Qazaq Digital Mektebi» үлгісінің қолға алынуы ауылдағы оқушыларға да сапалы білім алуға тең мүмкіндік беретінін қуана қолдаймын. Arman-PV баспасы бұл жұмысты әлдеқашан бастап кеткен. Біз Ekitap.kz платформасы мен ArmanAI жобасын дамытып, жасанды интеллектіні білім беру процесіне нақты енгізіп жатырмыз. Президенттің бүгінгі бастамалары біздің осы еңбегімізді жалғастыруға жаңа серпін береді,-деп атап өтті Дидара Алина.
Сондай-ақ, Президент бүгін су мәселесіне де тоқталды. Су тапшылығы – тек экономикалық емес, болашақтағы әлеуметтік тұрақтылыққа әсер ететін маңызды тақырып. Бұл мәселені шешу үшін қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру қажет екенін айтты. Дидара Алинаның айтуынша, Arman-PV баспасында дайындалған «Жаһандық құзыреттер» оқулығында осы тақырып терең зерттеліп, оқу бағдарламасына енгізілген. Өйткені, судың құндылығы мен оны ұқыпты пайдалану қажеттігін әрбір бала мектеп қабырғасынан бастап білуі тиіс.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды тұс – инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікке қолдау. Инвестициялық штаб пен жаңа цифрлық платформалар бизнестің дамуына жаңа арна ашады. Әсіресе, шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау – елдің экономикалық тұрақтылығының кепілі.Дегенмен, Президент айтқандай, реформалардың баяу жүруі мен бюрократиялық кедергілер әлі де шешімін табуы тиіс. Бұл сын орынды. Мемлекет тарапынан қойылған міндеттердің орындалуы нақты нәтижемен көрінуі – бизнес қауымдастығы үшін шешуші фактор,-дейді Arman-PV баспасының бас директоры.
Жолдауда әлеуметтік әділеттілік мәселесі де кеңінен қозғалды. Экономикалық реформалар халықтың күнделікті өміріне оң әсер етуі үшін әділдік қағидасы басты өлшем болуы тиіс. Бұл қағиданы әрбір бизнес өкілі, соның ішінде біздің сала да басшылыққа алуы керек деп санайды Дидара Алина.
Президенттің Жолдауы – тек мемлекеттік жоспар емес, әрбірімізге бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжат. Онда білім саласына жасанды интеллектіні енгізу, су ресурстарын ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашу, әлеуметтік әділеттілікті нығайту секілді үлкен міндеттер қойылды.Arman-PV ұжымы осы міндеттерді жүзеге асыру жолында өз үлесін қоса бермек. Біздің басты мақсатымыз – жаңа дәуірдің білімді, ойлы, жауапты азаматын қалыптастыруға атсалысу,-деп атап өтті Arman-PV баспасының бас директоры.