Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде жаңа оқу жылы қарсаңында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Astana TV.
Білім ордасы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы және «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды.
Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Құрылысы бір жыл ішінде аяқталған мектепте 24 оқу кабинеті, химия, физика, биология, нанотехнология және робототехника зертханалары, STEM-зертхана мен лингафон сыныптары бар. Сондай-ақ спорт және хореография залдары, акт залы, коворкинг аймақтары, инклюзивті білім беру сыныптары мен сенсорлық дамыту кабинеттері қарастырылған.
«AMANAT» партиясының Қостанай облысы Әулиекөл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Қажиева жаңа мектептің өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Бұл мектеп – партиямыздың сайлауалды бағдарламасының нақты нәтижесі. Соңғы екі жылда Қостанай облысында 5 жаңа мектеп іске қосылды. Партия өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға тұрақты бақылау жасап келеді. Ең бастысы – балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік беру, ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру. Бүгінгі ашылған білім ордасы – балалардың болашағына жасалған сенімді қадам», – деді ол.
Мектеп директоры Анар Нұрқанованың айтуынша, бұған дейін ауыл балалары ескі госпиталь ғимаратында орналасқан, тар әрі қолайсыз мектепте оқуға мәжбүр болған еді, ендігі озық технологиялармен жабдықталған білім ордасы балалардың жан-жақты дамуына жол ашатынына сенім білдірді.
«Жаңа ғимарат оқушыларға жан-жақты даму үшін үлкен мүмкіндік береді. Бұрынғы тар әрі қолайсыз ғимаратпен салыстырғанда, қазіргі жағдай мүлде бөлек. Кең сыныптар, заманауи жабдықтар мен озық технологиялар балалардың сапалы білім алуына жол ашады», – деп атап өтті.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша елімізде барлығы 208 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде Қостанай облысына қарастырылған 6 мектептің бесеуі қолданысқа берілсе, соңғысы жыл соңына дейін тапсырылады.