$535.13 €627.44 ₽6.52
×

"Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек", - Президент

"Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек", - Президент

Жоғарғы палатаның жұмысы тоқтайды. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауында осындай бастама көтерді. Нақты шешім 2027 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы анықталады. Жиында бұдан бөлек цифрландыру, инвестициялық саясат та сөз болды. Мемлекет басшысы ел экономикасын ілгерілететін бастамаларға тоқталды.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Сенат тарайды. Президенттің сегізінші Жолдауында жұртты селт еткізген саяси жаңалық осы болды. Бірақ қазіргі сенаторлар бірден жылы орнын босатпайды. Мемлекет басшысы бастамасын талқылауға салғанды жөн санады. Енді  екі жылдан кейін референдум өтеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын.

Мемлекет басшысы «Сенат 30 жыл бойы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты», - деп жоғарғы палатаның жұмысына оң бағасын берді. Енді референдум қорытындысы бойынша бастама мақұлданса, саяси институттардың жұмысы ілгерілейді.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мәжілісте белгіленген тиімсіз шешімдер Сенатпен реттеліп, арғы жағында Президент қарап отырса, енді тікелей бір палаталы Парламентке бұл жүк артылады. Бұл Қазақстандағы барлық проблемалар Президентке барып тірелмеуінің бірден-бір белгісі. Институттарға берілген жауапкершілік.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Жасанды интелект – жаһанды өзгертуде. Көз іліспес жылдамдықта дамып жатқанда жайбарақат жүруге болмайды. Пайдасымен қатар қатері барын қайта-қайта құлаққағыс етті. Еліміз алдағы үш жылда жаппай цифрлы елге айналу керек деген тапсырма жүктеді. Тіпті жаңадан жасанды интеллект министрлік құрылмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.

Министрлікті Үкімет басшысының орынбасары деңгейіндегі маман басқарады. Бұл барлық салаға жасанды интелектіні жылдам енгізуге сеп болады.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Міне, осындай жоғары деңгейде бақылап отыру өте маңызды, мәселені шешу үшін. Өйткені, ЖИ білімді, ғылымды әлде медицинаны өзгертетін сала емес. Бұл әлемді өзгертеді.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Инвестиция саласына серпіліс қажет. Президент қазіргі саясатқа көңілі толмайтынын ашық айтты. Қомақты қаржыны күректеп тартуға жаңаша көзқарас талап етіледі. Өңдеу саласының өңін кіргізуді мақсат етуіміз шарт. Ол үшін жеңілдік жасаған жөн. Шағын инвесторларды да ұмыт қалдырмаған абзал. Қажетті қаражаттың көлемін, мақсатын, бағытын айқындау маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал, қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек.

Енді Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді. Бұл бастама ел экономикасына қаржы құямын деген шетелдік бай-бағландар үшін таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз.

БОЛАТБЕК НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл үлкен қадам. Инвесторла Мемлекеттің қорғауында болады. Бұл тұста, Үкімет тарапынан да оларға жағдай жасалуы керек. Бұл өте өзекті.

Президент Жолдауында көтерілген бастамалар – еліміздің жаңа даму кезеңіне жол ашатын маңызды қадам болмақ. Ендігі міндет – жолдауда айтылған ойларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыру.