Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында Президент жолдауы туралы пікір білдірді. Ол цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу - жолдаудың біріктіруші идеясы деді. Бұдан бөлек, Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси бастамаларының негізгі қырларына да тоқталды. Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың «Күшті Президент — Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» басты формуласын дамытады. Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Президенттің ел болашағын айқындайтын түйінді мәселелерге қатысты тек қана келісе отырып шешім қабылдау қағидатының өзгермейтінін көрсетті,-деді.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.