Атыраудағы ірі газ-химия кешенінің құрылысы 2029 жылы аяқталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда газ-химия саласын дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысының Жолдауын Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымы да тікелей эфирде тыңдады. Отандық мұнай өңдеу саласы мамандары өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба жалпы ішкі өнім көрсеткішін өсуіне ықпал ететініне сенімді.
ЖАСҰЛАН ТӨЛЕУОВ, «АМӨЗ» КОКС ЖӘНЕ КҮКҮРТ ӨНДІРІСІ АҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Бұл кешен бізге бәсекеге қабілетті өнім ғана емес, қосымша жұмыс орындарын ашып, ел экономикасын ың дамуына қомақты үлес қосады. Осы жаңа өнімдердің шығуы әлем мемлекеттерінің арасында Қазақстанның өзінің орнын белгілеп береді.
Жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс алаңында этилен өндіруге арналған пиролиз қондырғысында қада қағу және іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр. Жақында зауыттың маңызды екінші қондырғысының және жалпы шаруашылық нысандарының құрылысы басталады. Мұнда 20-дан астам полэтилен маркасы өндірілмек. Кәсіпорын импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыруға, өнім экспортын ұлғайтуға жол ашпақ.
ДАНИЯР ОРЫНБАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда құрылыс алаңына свай қағу және бетон құю жұмыстары жүруде. Құрылыстың қызған шағында, 2027-2028 жылдары нысанда 8000-нан астам адам жұмыс істейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін әлемдік полиэтилен өндірісінің шамамен 1пайыздан астамын қамтамасыз етеді . Ал ауқымы мен технологиялық жарақтануы бойынша ол әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың біріне айналмақ.