Қарағанды облысындағы Күйректікөл кенішінде сирек кездесетін металдардың қоры бұрын болжанғаннан әлдеқайда көп екені белгілі болды.
Геологиялық барлау жұмыстарының жаңа дерегі бойынша, кеніштің коммерциялық тұрғыдан тиімді қоры бастапқыда айтылған 20 млн тоннадан асып, 28,2 млн тоннаға жеткен деп хабарлайды Ertenmedia.
2022 жылы басталған барлау жұмыстары барысында геологтар тереңдігі 300 метрге жететін төрт негізгі учаскеден церий және өзге де сирек кездесетін металдардың жоғары концентрациясын тапқан.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, зерттеу кезінде аймақтың басқа бөліктерінен алтын, мыс пен вольфрамның жаңа кен орындары да анықталған.
«Қазірдің өзінде шетелдік компаниялар осы бағытта зерттеулер жүргізіп жатыр. Мұның арқасында өңірдің минералды шикізат базасы кеңейіп, сирек кездесетін әрі бағалы металдарды өңдейтін жаңа өндірістер ашылады», – деді Әлденей.
Сарапшылар Қазақстанның осы салада әлемдік нарықтың сұранысын тұрақты қамтамасыз етуге әлеуеті жеткілікті екенін айтады.
Тамыз айында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту мәселесін арнайы талқылаған еді. Ол саладағы өндірісті жаңғыртып, озық технологияларды енгізу және ғылыми зерттеулерді күшейту қажеттігін атап өткен болатын.
Индустрия министрлігінің мәліметінше, бүгінде сирек кездесетін металдардың металлургия саласындағы үлесі 2,4%. 2018 жылдан бері мемлекет бұл салаға 67 млрд теңге көлемінде инвестиция құйған.
Қазір Қазақстан аумағында жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын сирек кездесетін металдарға бай 25 кенішке барлау жүргізілуде. Биылдың өзінде елімізде қатты пайдалы қазбалардың 38 жаңа кеніші анықталған.
Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений және осмий металдары өндірілуде. Сондай-ақ, висмут, сүрме, селен және теллур секілді сирек кездесетін элементтер де ілеспе түрде өндіріліп келеді.