Жәрдемақылар қатары қысқарады. Үкімет басшысы жауапты ведомствоға тиімсіз әлеуметтік қолдауларды алып тастауды жүктеді. Азаматтар Мемлекетке масыл болмай өзін, отбасын асырау керегін шегелеп айтты. Бұл Бектенов берген бір ғана тапсырма емес. Ақ жағалылардың барлығы дерлік бұйрық алды. Сонымен, ел үкіметі қандай қадамдар жасамақ? Кімге не міндеттелді? Сүндет Оралбек сөз алсын.
Президент Жолдауы жарияланғаннан кейін, Үкімет бірден іске кірісті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 1 күн ішінде жаңа ведомстваның жарлығын әзірлепті. Жоба мемлекеттік органдардың келісіміне жіберілген. Сондай-ақ, сала басшысы 5 жыл ішінде студенттер, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне түрлі бағдарламалар арқылы жасанды интеллект дағдыларын үйретуді көздеп отыр. Жоба аясында 1 миллионнан астам адам ақылды жүйені меңгеріп шығады. Одан бөлек, Жаслан Мәдиев цифрлық кодекске де тоқталды. Айтуынша, құжат Мәжілісте қаралып жатыр.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:
Оны пысықтау Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізілуде. Кодекс жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub сайтында жарияланады. Құжат Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданады.
Алдағы уақытта тапсырыс берген затыңыз әп сәтте қолыңызда болады. Енді жеткізу қызметімен дрондар, пилотсыз көлік құралдары айналыспақ. Жауапты ведомства жыл соңына дейін тиісті заң актісі қабылданатынын жеткізді. Бүгінде тасымалды ұйымдастыру үшін «smart» жолдарды салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тіпті, Қазақстан – Қытай шекарасында пилотсыз жүк тасымалын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
МАҚСАТ ҚАЛИАҚПАРОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Пилотсыз көлік құралдары, ғылым мен техниканы дамыту министрлік алға қойған басым бағыттардың бірі. Алайда пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқықтық шеңбер әлі күнге дейін нақты айқындалмаған. Пилотсыз құралдардың қызметін одан әрі нысаналы реттеудің негізін қалыптастыру мақсатында министрлік қолданыстағы заңнамалық актіге түзетулер енгізді.
Енді жәрдемақылар саны қысқарады. Үкімет басшысы халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне күмәнді әрі тиімсіз көмекті алып тастауды тапсырды. Пәрмен 1-желтоқсанға дейін орындалуы тиіс.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек.
Бектенов 1 қазанға дейін футбол клубтарын жекешелендірудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Ал, оқу-ағарту министрлігіне өңірлерде заман талабына сай мектептерді салуды, оларды жоғары жылдамдықты интернетпен, цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етуді, ал ауыл шаруашылығы министрлігіне 2 айда мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді жүктеді. Жалпы, тапсырмасыз қалған министрлік болмады. Әсіресе, елдің әл-ауқатын арттыру үшін экономика блогына 10 нақты міндет жүктелді. Осылайша жолдауда айтылған тапсырмаларды жүйелі түрде жүзеге асыру бағыты нақтыланды.