$536.76 €630.85 ₽6.45
×

Ақтөбе мектептеріне жасанды интеллект енгізіле бастады

AstanaTV
09.09.2025ж. 19:00
Ақтөбе мектептеріне жасанды интеллект енгізіле бастады

Енді мұғалімнің ІТ қабілеті оның біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Заман талабы осындай. Ақтөбе мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап ақылды технология  қолданыла бастады. Жаңа бағдарлама жоғары сынып оқушыларына да, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге де арналған. Бұл- елдің  цифрлануға қадам басуының маңызды бөлігі.  Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Жасанды интеллект ұстаздың орнын баса алмайды. Алайда жұмысын жеңілдетеді, қағазбастылықтан арылтып, мұғалімнің көбірек балаға көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Бұл-Ақтөбедегі №72 ІТ-мектеп лицейі.Мұнда физика, ағылшын жәнә тарих сабақтарында жасанды интеллект қолданылады.

НҰРГҮЛ ЖҰМАҒҰЛОВА, №72 ІТ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үш мұғаліміміз республикалық онлайн курстардан өтті. Олар толық бағдарламаны меңгеріп, қазір информатика пәні мұғалімдерімен бірге цифрлық менторлық жүргізуде. Осы арқылы өзге пән мұғалімдерін де оқытып жатыр.

Өңірде 26 мыңнан астам педагог жаңа әдістемелер бойынша ала жаздай дайындалған. Жасанды интеллект элементтері барлық мектепке енгізілген. Тек  оны қолданудың өз ережесі мен әдебі бар. Оны әр мұғалім білуі тиіс.

НҰРГҮЛ БЕРТІЛЕУОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

ЖИ пайдаланудың өз этикасы бар, осы академиялық адалдықтың ол, осы этиканы қолдану туралы арнайы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының арнайы ережесі бар. Сол ережеге сәйкес қолданылып жатыр.

Жасанды интеллект құрастырған тапсырмаларды мұғалім міндетті түрде тексеруі тиіс. Өйткені ол технология болғандықтан қателесіп, оқушыға артық ақпарат беруі де мүмкін. Әйтсе де, әлемдік жүйенің берері мол. Үй жұмысын тексеру, балаларды бағалау, қызықты, ғылыми-танымдылық сабақтар өткізуде таптырмас құрал, дейді мамандар.