Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Соңғы уақыттары фейк ақпарат тарататын дереккөздер көбейді. Биылдың өзінде шындыққа жанаспайтын мәлімет таратқаны үшін 50-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Ал Telegram арналарында 5 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Қазір әр сөзіне абай болмасаң, жағдайын қиын болмақ. Айыппұл арқалағаның былай тұрсын, бас бостандығынан айыру шаралары да қарастырылған. Жалған ақпаратты шынайы деректерден қалай ажыратамыз? Толығырақ Мөлдір Жақан жеткізеді.
Қазір жасанды интеллект, цифрлық технологиялар дәуірі деп ауыз толтырып айтқанымызбен, мұның кері әсерін де ұмытпаған жөн. Ақпараттың ағыны жоғары қарқын алған заманда тұрмыстық фейктерден бөлек саяси жалған деректер де белең алған. Жұрт, тіпті, қайсына сеніп, қайсына сенбесін де білмейді.
БЛИЦ:
- Бүгін ғана алданып қала жаздадым. Банктен хабарлама келгендей болды. Кіріп, аударым жасап жатқан кезде ғана жалған екенін түсіндім. Дұрыстап тексерген жөн.
- Қазір ссылкаларды ашуға да қорқамыз. Ондайға сенбейміз.
Дегенмен, жалған ақпаратты анықтау аса қиын емес. Оның бірнеше әдіс-тәсілі бар. Алдымен бірнеше сенімді дереккөздермен салыстырған жөн. Фейк жазбаларда орфографиялық қателер де жиі кездесуі мүкін. Сарапшылар сондай-ақ жалған жаңалықтарда эмоционалды реңк болатынын айтады. «Шок, сенсация, шұғыл жаңалық!» деп аудитория назарын фактілерден эмоцияға аудартады. Мемлекет қарызыңызды кешіреді немесе вакцина алсаңыз, бедеу болып қаласыз деген манипуляциялар арқылы жанды жеріңізді дөп басады.
ДУМАН СМАҚОВ, FACTCHECK.KZ БАС РЕДАКТОРЫ:
Фактчек платформалары Мета корпорациясының барлық өнімдерімен байланысқан. Ол Инстаграм болсын, Фейсбук, Тредс жүйесі болсын. Егер бізде ақпарат жалған не болмаса фейк, манипуляция деген белгімен шықса, ақпарат таратқан парақша ескерту алады. Егер де 3 реттен артық жалған ақпарат таратса, ол парақшаға жарнама қойылмайды, посттары таратылмайды. Егер одан да көп таратып жатса, Мета корпорациясы бұл парақшаны жойып жібереді.
“Фейк жаңалық” феноменіне сәйкес жалған ақпараттың құрығына, көбінесе, жасөспірімдер мен жасы егде тартқан тұрғындар түседі. Әсіресе, манипуляцияға төтеп бере алмайтын азаматтар алданып қалуға бейім. Фейк ақпараттар шынайы жаңалықтарға қарағанда 6 есе жылдам тарайтын көрінеді. Ал психологтар жұртты алдап, қоғам арасында үрей тудыратын адамдарда психикалық бұзылыс бар дейді.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Мұндай адамдарда панофобия бар деп айта аламыз. Панофобия дегеніміз – адам өзінің қиялынан түрлі қорқынышты оқиғаларды ойлап табады. Бұл психикалық бұзылыстың бір белгісі ретінде ғана қарастыруға болады.
Онлайн платформаларда жалған ақпаратты орналастыру, тарату үшін 78 мыңнан 980 мың теңгеге дейін айыппұл көзделген. Ал азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке елеулі зиян келтіру қаупі төнсе, онда бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
ҚАЛИХАН ҚАНДАШБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ:
Масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған іс-әрекет үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Менің қолымда қағаздарға арналған мұқаба. Пішіні – тіктөртбұрыш. Түсі – ақ. Білемін, түсінбей отырған боларсыздар. Сіздерге қара түс болып көрінуі мүмкін. Бірақ менің көзіммен қарағанда шынымен де мұқаба ақ түсті. Әркімнің өз шындығы бар деген – осы. Фейк ақпарат та дәл сол сияқты. Объективті түрде ауыздан шыққан әр мәліметті жан-жақты сараламасаң, соңынан опық жеп қалуың әбден мүмкін.