Оқушы сөмкесі- ауыр. Жылда ата-аналардан осындай шағым естиміз. Әсіресе, бастауыш сыныптағыларға қиын. Мектепке күнде арқалап баратын 4-5 кітаптың өзі бұғанасы қатпаған баланың омыртқасына оңай соқпасы анық. Кейде ауыр кітапты көтергенде қаршадай бала тұрмақ, ересек адамның белі бүгіледі. Өзекті тақырыпты әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында тарқатады.
Қайырлы кеш, көрермен! Желідегілердің назарына іліккен тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
Бұл – 2-сынып оқушысының сөмкесі. Баланың орташа жасы – 7-8 –де. Бойы 120–130 см болса, салмағы 23–27 келі шамасында. Дәрігерлер сөмке бүлдіршіннің өз салмағының 10 процентінен аспауы керек дейді. Демек , 2,5 келі болуы шарт. Бірақ ата-аналар әдетте бұл нормадан екі есе асады деп шырылдайды. Өзім де эфирге дейін дәл осы сөмкені таразыға тартып көрдім. 4,5 келіден бір-ақ шықты.
БЛИЦ:
- 2-сынып оқушысының сөмкесі 2 келіден асып түседі, ауыр.
- Қойшы! Біздің қыз екінші сынып, 15 келі көтеріп барып келеді.
- 5-сынып сөмкесін көтеріп көрсең белің ауырады. Кітапты көбейтіп тастаған.
Осы тұста оқушы сөмкесі негізі қанша келі болу керек деген сұрақ туады. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты нақты норманы жариялапты. 1–3 сынып баласы үшін 2, 4–5 сынып 2,5 келіге дейін, ал 6–7 оқитындарға 3,5, 8–11 сынып үшін 4,5 келіге дейін. {Студия}: Ал енді мына видеоға назар аударыңыз.
Өз басым видеоны көріп көңілім бір көтеріліп, бір құлазыды. Баланың тәтті қылығы езу тартқызса, оның ауыр сөмкесі жүректі ауыртады.
БЛИЦ:
- Менің ұлым сумкасын мектепте тастап кетіп, өзі келіп тұр. Ертең барамыз ғой мектепке тағы деп.
- Сөмкелері қатты ауыр. Өздерінің салмағынан да ауыр.
Ақыры сөмке туралы айтқан екенбіз, мына жаңалыққа да назар аударыңыз. Әдетті ұшақпен ұшсақ қол жүгінің салмағы нормадан асып кетпесе екен деп, үстімізге барымызды қабат-қабат киіп алатын едік. Енді пойызға да осылай мінетін болдық. Теміржолдағылар Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың "Қазақстандықтар пойызды сарқыт тасу үшін қолданады" дегенін көп көрді ме, әйтеуір артық келі үшін ақы төлететін болыпты. Сол үшін мынаны ескере жүріңіз. Тальго” вагондарына мінерде қол жүгінің салмағы 25 келі, ұзындығы мен ені 150 сантиметрден аспауға тиіс. Ал өзге вагондарға талап, 35 келі, көлемі 200 сантиметрден аспауы шарт. Жүкті жолсеріктердің өзі өлшейді. Яғни шекті салмақтан асқан жағдайда әр келі үшін 60 теңге талап ете алады. Сондай-ақ төлемақы көлемі жолаушының жүрген жолының шақырымына да байланысты.
БЛИЦ:
- Бүкіл киімімізді үстімізге киіп аламыз. 4-5тен қабаттап, қол сөмкеге анау-мынау салып аламыз. Не істейсіңдер, ал! Адамды өлшеңдер енді.
- Осы жақында артық майымыз үшін салық төлемесек болғаны. Айлығың 85 мың, қайдан семіріп жүрсің деп.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Келесі кездескенше.