Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік қабылдайтын жүйелі шаралар туралы баяндады. Басты назар мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, аграрлық саланы цифрландыруға, аграрлық ғылымды қолдауға және ауыл шаруашылығы жерлерін заңды бөлуді қамтамасыз етуге аударылған, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін жеке Кешенді жоспар әзірленетін болады.
«Бүгінгі таңда мал шаруашылығында тек қана бордақылау алаңдарына айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу қарастырылған, ол шектеулі және саланың қажеттіліктеріне толық көлемде жауап бермейді. Жаңа бағдарламада нақты шаралар мен олардың қаржыландыру көздері айқындалатын болады. Оған екінші деңгейлі банктердің инвестицияларын тарту есебінен тауарлық шаруашылықтар мен құс фабрикаларына жылдық 5% мөлшерлемемен несиелеуді кеңейту; ауыл шаруашылығы малдарының асыл тұқымды табынын сатып алуға ұзақ мерзімді қаржыландыру; «Даму» институты арқылы 80%-ға дейінгі кепілдендіру тетігін енгізу кіреді. Бұдан бөлек, сала қызметкерлерінің отбасылары үшін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылып отыр, оның ішінде тегін білімге қолжетімділік пен кеңейтілген әлеуметтік пакеттер бар», – деді министр Үкімет отырысында.
Бұл құралдарды іске асыру 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 12 млн басқа, ұсақ малды 30 млн басқа жеткізуге, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және ет экспортын екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Айдарбек Сапаров атап өткендей, мал шаруашылығының дамуы ветеринариялық қауіпсіздік жағдайымен тығыз байланысты. Осыған орай, жаңа ветеринариялық нысандарды жаңғырту және салу жүргізілуде. Жануарларды туғаннан бастап союға дейін толық қадағалауды қамтамасыз ететін сәйкестендіру жүйесі енгізілген. Келесі қадам — генетикалық цифрлық сертификаттарды енгізу және кеден органдарымен интеграцияны кеңейту.
Салаға тұрақты инвестиция тарту үшін 2025–2027 жылдарға арналған «АӨК инвестициясына тапсырыс» іске асырылатын болады, оның көлемі – 1,2 трлн теңге, 202 жобаға бағытталған. Негізгі басымдық — импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті арттыру.
Жобалар өңірлердің агроөндірістік әлеуетін ескере отырып жүзеге асырылады. Жобаларды іске асыру жыл сайын 2,5 млн тоннадан астам бидай өңдеуге, сондай-ақ 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Аграрлық ғылымды дамыту жоспары әзірленеді. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жұмысы агробизнес қажеттіліктері мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға басымдық бере отырып қайта қаралады. Алғашқы ғылыми шешімдер С. Сейфуллин атындағы университет базасындағы желілік агротехнопаркінде сынақтан өткізіліп, кейіннен кеңейтілетін болады. Аграрлық ғылымды одан әрі реформалау молекулалық селекция мен гендік инженерияны дамытуға, өнімнің шыққан елін анықтайтын зертханаларды құруға, құрғақшылыққа төзімді дақыл сорттарын әзірлеуге, климатқа бейімделген егіншілік пен органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталады», – деді министр.
Экспортты арттыру үшін астықты тасымалдауға кеткен шығындарды субсидиялау жалғасады.
ЕО елдерінің нарықтары мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға ашылып, фитосанитариялық кедергілер алынып тасталады.
Министрлік логистика, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды ескеретін Аграрлық экспорттық жоспарды дайындайды. Бұл жоспар жаңа ЕО нарықтарына шығуды, фитосанитариялық кедергілерді жоюды, сондай-ақ логистикалық және ветеринариялық талаптарды ескеруді қамтамасыз етеді.
Жер заңнамасына түзетулер қабылданды, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы және жасанды интеллект қолданылатын салалық спутниктік мониторинг жүйесі құрылуда.
Қайтарылған 13,7 млн га жердің 6,2 млн га-сы таратылды, 7,5 млн га қайта бөлінуге жатады.
Әр өңірге қалған жерлерді қайта бөлу бойынша көрсеткіштер бекітілді, ал әкімдіктерге жоспарларды бекітіп, жергілікті тұрғындардың жайылымға деген қажеттіліктерін ескере отырып, іске асыруға кірісу тапсырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары үнемі бақылауда, оларды іске асыру үшін министрлік барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп түйіндеді министр.