Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №48 мекемесінде сотталғандардың отбасымен байланысын нығайтуға және олардың қоғамға бейімделуіне бағытталған "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік жобасы жалғасын табуда.
Бұл жолғы кездесу ерекше сипатқа ие болды: алты жылға жуық бас бостандығынан айыру жазасын өтеген сотталғанды қарсы алуға туған ағасы мен жиені келді. Ағасының айтуынша, ол бауыры ұсталғаннан кейін бір жылдан соң Еуропаға оқуға кетіп, сонда отбасын құрып, жұмыс істей бастаған. Қашықтыққа қарамастан, ағайындар үнемі телефон арқылы хабарласып тұрған. Осы оқиғаның тағы бір ерекшелегі — бостандыққа шығу күні дәл сотталғанның туған күнімен тұспа-тұс келді. Сол себепті ағасы арнайы Қазақстанға келіп, бауырына күтпеген сый жасады.
- Біз бес жылдан кейін алғаш рет жүздестік, мен жиенімді бірінші рет көріп отырмын. Сонымен қатар ағам маған жаңа өмірге бейімделіп, жұмыс табуға көмектесуге дайын. Бұл мен үшін өте маңызды, — деді бостандыққа шыққан азамат.
- Отбасының қолдауы мен әлеуметтік байланыстарды сақтау — қайта әлеуметтену процесінде шешуші рөл атқарады. Дәл осындай кездесулердің арқасында сотталғандар болашаққа сеніммен қадам баса алады, — деп атап өтті екеме бастығы Думан Нугуманов.
"Қақпа алдындағы кездесу" жобасы алдағы уақытта да сотталғандардың қоғамға оралуына және жаңа өмірге жақындарының қолдауымен қадам басуына мүмкіндік беруді жалғастырады.