$536.76 €630.85 ₽6.45
×

Жасанды интеллект азық-түлік бағасын бақылауға көмектеседі

10.09.2025ж. 10:19
Жасанды интеллект азық-түлік бағасын бақылауға көмектеседі

Қарағанды облысында цифрлық шешімдер көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа да салаларға енгізілуде, деп хабарлайды Astana TV.

Әлеуметтік салада нейрондық желіні қолданатын «Азық-түлік бағасын мониторингтеу» жобасы іске қосылды.

Бұл туралы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» тақырыбындағы Жолдауды талқылау жиынында айтылды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізу және жаппай цифрландыру міндетін қойды. Осы мақсатта өңірде халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр, – деді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын автоматты түрде жинау және талдау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Нейрондық желі деректерді негізінен өңірлік сауда желілерінің сайттарынан жинайды. Алынған ақпарат жедел шолулар мен талдамалық есептер түрінде ұсынылады, бұл баға өзгерістеріне жедел әрекет етуге және тұтыну нарығындағы жағдайды терең талдауға мүмкіндік береді.

– Бүгінде жанар-жағармай бағасын автоматты жинау, бақылауға алынатын тауарлар тізімін кеңейту, сондай-ақ барлық сауда нүктелері мен тауар түрлерін қамтуға мүмкіндік беретін кассалық чектер деректерін интеграциялау жұмысы жүргізілуде. Бұл нақты орташа тұтынушылық себетті қалыптастыруға жол ашады, – деп толықтырды Константин Ильницкий.

Спикердің айтуынша, көлік саласында да пилоттық режимде жолдардың жағдайын автоматты бақылау жүйесі – JoLScan іске қосылған. Компьютерлік көру автомобильдердегі бейнетіркегіштердің видеожазбаларын талдап, жол төсеміндегі ақауларды анықтайды және оларды векторлық белгілер арқылы салыстыра отырып, тарихын қадағалайды. Сонымен қатар геолокация арқылы олқылықтар картаға түсіріледі.

 

Жүйенің көмегімен жедел араласуды қажет ететін бес сындарлы аймақ анықталды.

Өңірде электрондық коммерцияға арналған Teez сауда-логистикалық қоймасы іске қосылды. Оның қуаты жылына 27 миллионға дейін тапсырысты өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек. Сонымен қатар Сарыарқа әуежайы жаңғыртылып, онда мультимодальды аэрохаб – CargoHUB Karaganda құрылуда. Осы мақсатқа 354 гектар жер бөлініп, кірме теміржол жолы жобалануда және көлемі 6 мың текше метр болатын жанармай құю кешені салынып жатыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановтың айтуынша, өңірдегі көлік жобалары жүйелі сипат алуда.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын және Сарыарқа әуежайы аумағында АЭА-ның субаймағын құру мәселесі пысықталуда. Бұл нысан болашақта Орталық Қазақстан ғана емес, оның аумағынан тыс халықаралық жүк тасымалының негізгі орталығына айналады. Жаңа жанармай құю кешенінің құрылысы басталды. Достық – Мойынты теміржол учаскесінде қос жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Балқаш әуежайы жаңғыртылуда. Мұның бәрі өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір алдыңғы қатарлы идеяларды енгізетін алаңға айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Индустриялық жүрек саналған Қарағанды облысы бұл міндеттерді орындауда көшбасшылар қатарында болуы керек. Бізде қуатты өндірістік база, білікті кадрлар және айтарлықтай аграрлық әлеует бар. Өңір Қазақстанның болашағына арналған зертханасына айналуға тиіс, мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технологиялар, ауыр өнеркәсіп пен цифрлық шешімдер тоғысуы қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, өңірде инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр. Жаңа жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

 

– Драйверлер қатарына машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, сондай-ақ қайта өңдеудің жаңа бағыттары жатады. «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп тұр, – деді ол. – Инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталығы бар.