«Қазгидромет» РМК 11-13 қыркүйекке арналған Қазақстан бойынша ауа-райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Astana TV.
«Алдағы күндері республика аумағының басым бөлігінде, оңтүстік өңірлерден басқа, күзгі, салқын, жауынды ауа райы күтіледі. Бұған себеп – солтүстік циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер. 11 қыркүйекте солтүстікте, 11-12 қыркүйекте шығыста, 11-13 қыркүйекте Қазақстанның орталығында қатты жауын-шашын болжанады, солтүстікте, шығыста бұршақ пен шквал болуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлері оңтүстік циклондарының ықпалында болып, ол жауын-шашынмен қатар аталған аймақтарда температураның қысқа мерзімді жоғарылауын әкеледі.
Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, түнгі және таңғы уақыттарда солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста, орталықта – тұман. Оңтүстікте шаңды дауыл болжанады.
Көптеген өңірлерде температураның төмендеуі күтіледі: Батыс Қазақстанда түнде +5…+16°С, күндіз +15…+25°С; солтүстік-батыста түнде +1…+11°С, кей жерлерде 2°С үсік, күндіз +8…+20°С; солтүстік облыстарда түнде +1…+7°С, кей жерлерде 2°С үсік, күндіз +8…+16°С; орталықта түнде +1…+10°С, топырақ бетінде 2°С үсік, күндіз +10…+20°С. Шығыста түнде +1…+11°С дейін төмендеп, күндіз +15…+23°С дейін жоғарылайды. Оңтүстікте түнде +12…+20°С дейін жоғарылап, күндіз +23…+33°С-тан +25…+35°С аралығында ауытқиды. Оңтүстік-шығыста түнде +12…+17°С, таулы аймақтарда +2…+7°С, кейін +8…+15°С, таулы жерлерде 0…+5°С, күндіз +24…+32°С дейін жоғарылайды.