Жасанды интеллект оралдық оқу орындарының жұмысын жеңілдетті. Қазір білім ошақтары тың технология мүмкіндігін кеңінен пайдаланып жатыр. Былтырдан бастап оқу бағдарламасына "Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект" пәні енгізіліпті. Заман талабына сай болу Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да кеңінен көрініс тапқан еді.
Қаладағы жоғары оқу орындарында студенттердің сабаққа қашан келгенінен бастап, жүріс-тұрысы жасанды зерде назарында. Арнайы серверге жиналатын деректерді өзгерту мүмкін емес. Демек тамыр-таныстыққа жол жоқ. Тың технология ашықтыққа осылай жол ашыпты.
НҰРЛАН СЕРҒАЛИЕВ, М.ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БҚУ РЕКТОРЫ:
Жасанды интеллектіні қолданып, Махамбет фейс айди деген бағдарламаны қостық. Жасанды интеллектіні пайдаланып, ешкім сол студенттің артынан бармайды. Сабаққа келді ме, келген жоқ па, мамасы, папасы звондап, баламыз бар ма жоқ десе де, үйге келмесе де, бәрі қолымызда. 15 секунд ішінде шығарып береді. Осы жұмада, осы айда неше рет келді, неше рет кетті, қай корпуста болды, библиотекаға кірді ме, кірген жоқ па, тағысын тағылар.
Жолдау жүктеген міндеттер мұнымен шектелмейді. Соның бірі - инвестициялық саясатты қайта қарастыру.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Батыс Қазақстан облысы көлемінде инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, өткен жылы инвестициялар көлемі 749.9 млрд теңгеге жетіп, оның 72,6%-ын немесе 571,5 млрд. теңгесін жеке инвестициялар құрады. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Орал өңірі инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға дайын. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінде 6012 жаңа жұмыс орны ашылып, құны 1,8 трлн. теңге көлеміндегі 25 жобаның тізімі жасалған.