$538.2 €629.64 ₽6.34
×

Өзбекстанда зейнетке шығу жасы өзгеруі мүмкін

11.09.2025ж. 16:41
Өзбекстанда зейнетке шығу жасы өзгеруі мүмкін

Зейнетақы реформасы жобасына сәйкес, ерлердің зейнетке шығу жасы қазіргі 60-тан 63-ке, әйелдер үшін 55-тен 58-ге дейін ұлғайтылады.  

Зейнетақы қорының атқарушы директоры Муродбек Отажоновтың мәлімдеуінше, Өзбекстан зейнет жасын ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz 

Бұл процесс кезең-кезеңімен – жыл сайын жарты жыл қосу арқылы жүзеге асырылады. 

Отажонов әлемнің көптеген елінде ең төменгі зейнет жасы 65 жастан жоғары екенін атап өтті. Өзбекстанда "Азаматтарды мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заң қабылданғаннан бері, яғни 32 жыл бойы зейнет жасы ұлғаймаған. 

– Өзбекстан ғана қалды, басқа елдер зейнет жасын көтеріп қойған, – деді ол.

Сондай-ақ Зейнетақы қорының директоры елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы артып келе жатқанын айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде бұл көрсеткіш 75 жасты құрайды. 

Отажонов зейнеткерлік жасты ұлғайту туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын жеткізді. Зейнетақы қоры халықтан зейнетақы жүйесін реформалау бойынша ұсыныстарды жинау үшін арнайы алаңды іске қосуды жоспарлап отыр. Ұсыныстар бір ай бойы қабылданады. Оларды зерделегеннен кейін қайтадан талқыланып, қажетті өзгерістер енгізіліп, зейнетақы реформасы жобасы ресми түрде көпшілік назарына ұсынылады. 

Сонымен қатар Муродбек Отажонов зейнеткерлік жасты ұлғайтудың жұмсақтау нұсқасын да қарастыруға болатынын сөз етті. Яғни, жарты жасқа емес, жыл сайын үш айға дейін көтеру. Бұл ретте зейнеткерлік жас әр төрт жыл сайын бір жылға ұлғаяды, ал реформа 12 жылға созылады.