$525.87 €614.37 ₽6.72
×

«Күйіп кетуге» шақ қалған электрик. Алаяқтық оқиғасы.

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
2206
«Күйіп кетуге» шақ қалған электрик. Алаяқтық оқиғасы.

Өмірі Алматыға барып көрмеген, облыс орталығы Оралдың өзіне сирек баратын Жаңақала ауданының тұрғыны электрик Серік Ислямовтың Алматыда «3 фирмасы бар» болып шыққанын естіп, ауылдастары оған «оо, неге жасырып келгенсің, миллионер мырза», деп қалжыңға басқан. Бірақ Серіктің қалжыңға қалжыңмен жауап беретін шамасы жоқ...Әрине, «біреулер атымнан фирмалар ашыпты» деп, бірден құзырлы органдарға жүгінген, ал олар...фирмалар тіркелген Алматыға баруға кеңес берген. Алматыға баруға «біреу өлтіріп кете ме?» деп қорыққан. Ал салық органдарының дерегінше, Серіктің «салық қарызы» 2 миллион теңгеден асқан... Қолжетімділік пен ашықтық принциптері аса маңызды құжаттар – жеке бастың мәліметтеріне жеткені жаман. Ал қолжетімділік пен ашықтық принциптері тендерлерді өткізу барысы, бюджет қаржысының қалай жұмсалатыны сияқты позицияларға жетуі керек етін...Шахандағы «от жағушы», Павлодардағы «дәнекерлеуші» сияқты болмаса да, күйіп кетуге шақ қалған электриктің «историясын» Еркін Карин әңгімелеп береді.

Серік қазір Оралға жиі келеді. Алматыда өзіне рәсімделген бір емес, үш «фирмасы» бары есіне түссе, мазасы қашады. Өйткені бұл кәсіпорындардағы ақша аударымы 8 миллион теңгеден асыпты. Мұндай көп ақша түсіне де кірмеген жігіт қайыры болмаса да, құзырлы органдарды жағалауға мәжбүр.

Серік Ислямов, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны:

Ең бірінші фирма «Студия продакшн Багз» деген. Оның басшысы мен. Бірақ оның немен айналысқанын, не жұмыс жасағанын, қандай банктен қай банкке ақша аударғанынан мен бейхабармын. Шағымданған жерлердің бәрі де, полиция да, аудандық прокурор да айтты - сен қай жерде тіркелдің, сол жерге баруың керек. Қай жерде тіркелсең - сол жерде қарайды.

Жығылғанға жұдырық, араға екі жыл салып өзінің атына тағы екі фирма тіркелгенін естігенде Серік шалқасынан түсе жаздады. Бұл компаниялар да Алматы қаласында. Бірақ күрмеуі қиын даудың түйінін тарқату үшін Алматыға аттануға әлі тәуекел ете алмай жүр.

Серік Ислямов, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны:

Барғанда бірден шешілетін мәселе емес. 6-7 ай жүріп  қалуым мүмкін. Мен анда ешкімді танымаймын. Бәлен миллионды төлей де алмаймын, шыны керек. Анда барғанда мені өлтіріп тастайды, әлде тонайды. Менің отбасым, бес балам бар. Менің отбасымды кім қарайды? Кімнен көмек сұраймын? Кімге жүгінем?

Күдікті компаниялар тіркелген Алматыдағы Гоголь көшесіндегі 146-үйді біздің тілшілеріміз іздеп-іздеп, ақыры таппады. 144-ші үйден кейін 150-ші үй басталады. Ортасында қалып қойған бірнеше үй тағы біреулердің басын бәлеге қалдырмаса болғаны. Дегенмен даулы кәсіпорындардың дерегі алматылық мемлекеттік кіріс департаментіне тіреді.

Заңғар Шындəлі, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Ол сол мекемеде басшы ретінде тағайындалған. Құрылтайшы емес, ол мекемені ашпаған, біздің мәлімет бойынша басшы, яғни, директоры. Ол мекемелер 2008-ден бері жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі таңда салықтық берешегі бар, ол берешегі 2011, 2012-жылдан пайда болған. Одан бері ол салықтар төленбеген.

Сонымен Серіктің атына тіркелген «Уэлфи» фирмасы 90 мың теңге, «Кровлен құрылыс» 500 мың теңге берешек. Ал үшінші компания «Продакшн Студия Багздың» борышы 1 млн.ға жуықтапты. Ішпей-жемей өсімдерін қосқанда, мемлекетке 2 миллион теңге қарыз болып қалған жігіттің қазіргі халі адам аярлық. Ал прокуратура мұндай тәсілдің елімізде кеңінен тарағанын айтады.

Александр Цуранков, БҚО прокурорының орынбасары:

Бұл алаяқтық әдісті бір күндік кәсіпорындар көп қолданады. Олар шыққан тегі белгісіз ақшаны банктен қолма-қол ақшаға айналдырып алу үшін осылай істейді. Сосын кәсібін бірден доғарып, тыныштала қалады. Сондықтан мұның анығын білу үшін әр дерекке жеке тоқталу керек.

Ауыл адамының аңқаулығы ауадан ақша жасайтын алаяқтар үшін іздегенге сұраған. Егер жеке басын куәландыратын құжатын жоғалтса, немесе танысының көңілін қимай сенімхат берсе, соның өзі жеткілікті. Бірақ бұл жерде Алматыдан екі мың шақырым жердегі ауыл тұрғынының құжаттары қалай пайдаланылғаны жұмбақ боп тұр.

Заңғар Шындəлі, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Ол жеке тұлға ретінде жауап бермейді. Өйткені бұл заңды тұлға - ЖШС берешегі ғой, сондықтан бұл жерде басшыға ешқандай сұрақтар туындамайды. Бұл мекемені құрған ҚР резиденті емес. Бұл - басқа елден келген азаматтар. Үш мекеменің де құрылтайшысы. Сұрақтар енді сол кісіге туындайды. Мекеменің атында бір кассалық аппараттан басқа ештеме жоқ.

Маманның сөзіне сенсек, Серік оңай құтылған тәрізді. Өйткені үш компанияның да қызметі 2012-жылы тоқтатылған. Енді жазықсыздығын дәлелдеу үшін Серікке Алматыға барудың да қажеті жоқ. Жергілікті Мемлекеттік кірістер басқармасы мен Әділет департаментіне арызын хатпен жолдаса, жеткілікті.

Анастасия Болграбская, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті құрылғалы бері жалған кәсіпкерлік бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды. Құжаттарды қолдан рәсімдеп сатпақ болған үш адам ұсталды. 36 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Жалған кәсіпкерліктен мемлекетке келген шығын 10 миллиард теңгеге жуықтайды.

Әдетте алаяқтар жалған кәсіпорындарды тұрмысы төмен жандарға рәсімдейді. Тағдыр тәлкегіне түскен, араша болар жанашыры жоқ жандарды әдейі таңдап алады. Сондықтан білдей фирмалардың егесі маскүнем, нашақор, әлде үй-күйі жоқ қаңғыбас боп шығуы да мүмкін.

Еркін Карин, тілші:

Елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылғалы бері түрлі органдардың жұмысы азайып, құжат рәсімдеу жеңілдеп сала берді. Бұл біраз жұмысын бір жерден тындырған азаматтар үшін де қолайлы. Мәселен, электронды сандық қолтаңбаңыз болса, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бес минутта тіркетуге болады екен. Бірақ медальдің екінші жағы секілді шектен тыс ашықтықтың да салдары бар. Сондықтан заңгерлер құжаттарға барынша мұқият болуға кеңес береді. Әйтпесе кез-келгеніміздің аяқ астынан мемлекетке миллиондаған теңге қарыз боп шыға келуіміз ғажап емес.

Еркін Карин, Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».