$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Апатты үйлер жоқ. Апатты үйлер бар. «Жоқ» пен «бардың» ортасындағылар...

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
2941
Апатты үйлер жоқ. Апатты үйлер бар. «Жоқ» пен «бардың» ортасындағылар...

Қызылорда қаласының алпысқа тарта тұрғыны бұрынғы түрменің ескі казармасында тұрып жатыр. Еңбекпен түзеу колониясы 30 жыл бұрын басқа жерге көшіріліп, екі нысан тұрғындарға баспана ретінде берілген. Қазір сол екі қабаттан тұратын қос үйді жиырма отбасы паналап келеді.  Айтуларынша, әлдеқашан бұзылуы тиіс үйлер ресми түрде апатты деп танылмаған. Жақын орналасқан жаңа үйлердің сәнін бұзып тұрғасын, жатақтарды билік дуалмен қоршап, жасырып қойған, бірақ жоғалып кеткен жоқ... Сондай-ақ, қалада 8 оралман отбасы бар - паналап отырған үйлерін бірнеше жыл бұрын мамандар «апатты» деп тапқан. Ал жақында үйшіктерді газдан ажыратуға келген. «Көшіңдер» деген. Олардың көшетін жері жоқ... Бір «қызығы», араларында үйін жекешелендіріп алғандар бар – яғни олардың апатты баспаналарын басқа пәтерге ауыстыруға қақысы бар. Ал дәл сондай оралмандар қақысыз қалған. Нонсенс. Осының бәрін тізіп отырғанымыз, Қызылорда қаласында апатты үйлердің проблемасы шешілді, тұрғындары жаңа үйлерден пәтер алды,- деген рапорт берілген. Апатты үйлер жоқ. Апатты үйлер бар. «Жоқ» пен «бардың» ортасындағылар... Облыстағы меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапова зерттеп көрді.

Шарипа Сақтапова, тілші:

50-шы жылдары салынған мынау ғимараттар кезінде балабақша болған. Кейіннен 90-жылдардын аяғында, елімізге жан-жақтан қандастарымыз орала бастағанда оралмандар орталығына айналады. Жалпы, уақытша орналастыру орталығы деп аталғанымен 19 жылдан бері бірнеше отбасының тұрақты және жалғыз панасы болып келеді.

Түркіменстан, Өзбекстан, Ресейден Қызылорда облысына көшкен азаматтардың арасынан осы жылдар ішінде бес отбасы өкіметтен пәтер алып, баспаналы болыпты. Қалғаны - 8 отбасы. Үлкен кісілер мен бала-шағаны қосқанда елуге жуық Қазақстан Республикасының азаматтары. Жағдайлары шынын айтқанда, мәз емес. Салынғанына 70 жылдан асқан ғимараттарының сәні туралы айтпай-ақ қоялық. Алайда оралмандар осының өзінен айырылып қалудан қорқады. Себебі тұрып жатқан үйлері «апатты» деп танылған. Бір «қызығы», бірнеше отбасы орталықтың өздері тұрып жатқан бөліктерін жекешелендіріп үлгеріпті. Яғни олардың бірнәрсе талап етуге қақы бар. Ал жекешелендірмегендерінің ешнәрсеге қақы жоқ.

Үрләйім Назарова, оралмандар орталығының тұрғыны:

Бізде домовой жоқ, келісім-шарт қана бар. Келісім-шартты біз жылда айқаймен аламыз. Келісім-шартты алатын кезде алты айға береді, иә бір жылға береді. Жекешелендірілмеген. Жекешелендіріп, біздің өзіміздің департамент, бергісі келеді, ал бірақ тұрғын үй басшысы, жергілікті орган қабылдап тұрған жоқ. Бізден құтылғысы келіп отыр, олар. Осы жерде пропискада тұрмыз ғой неше жылдан бері. Мен, мысалы, тұрғаныма 10 жыл болды.10 жылдан бері осы жағдай қайталанады. Облыс әкімі де, қала әкімі де: біз аварийный үйлердің барлығына үй бердік деді. Облыс әкімі мен қала әкімінің құлағына алтын сырға: соңда бізді ұмытып кеткені ма, біз сонда адамның санында жоқпыз ба?

Мамандардың комментарийінен түсінгеніміз, бірнеше жыл бұрын ғимараттар бір министрліктің департаментінен екінші министрліктің департаментіне өткен. Шенеуніктердің сөзімен айтсақ, «сол кезде және «апатты» деп танылмай тұрғанда «жекешеленіп кеткен».

Смат Сейдахметов, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы:

Ол кезде ол ғимараттар апатты деп танылмай тұрған кезде өтіп кеткен... Апаттық жағдайда танылуы себепті біздің департамент тәуелсіз сарапшылармен қосымша қорытынды беру туралы  тапсырыс бердік, 2015 жылы. Тағы да бұл анықталды, апатты жағдайда екені.

Бірақ қалай жартысы ғана жекешендірілген? Бәрібір «түсініксіз»...Одан әрі анықтағанымыз, бұл ғимараттар Қызылорда қаласының балансына өтпеген, тиісінше, «апатты үйлер» тізіміне кірмеген. Шаһардың коммуналдық қызмет шаруашылығы жетекшісінің айтуынша, апаттық үйлер түгелімен жойылған. Ал оралмандардың мәселесін шешудің жолы біреу. Дәлірегі - сабыр сақтау.

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қалалық ТҰҚШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Қазіргі шешім: ол кісілер тұрғын үй алу тізімінде бізде тіркеліп тұр. Ол кісілердің сол өз очереді сақталып, коммуналдық үй салынған кезде ғана оған мүмкіншілік болады. Бұл кісілерге Титов кентінде орналасқан 16 А бізде общежитие бар, сол жаққа орналасу туралы ұсыныс болған. Ол кісілер өздері одан бас тартты.

Үрләйім Назарова, оралмандар орталығының тұрғыны:

Титов қыстағындағы ішіндегі адамдардың барлығын шығарған ішінен аварийный, мұнда тұруға болмайды деп, соны бізге берді. Сол жаққа барып тұрасыздар деп. Оның ішінде адам тұруға мүмкін емес. Ол жерде мал да тұруға мүмкін емес. Оның бірінші этажының барлығы құлап жатыр, үстінен су ағып тұр, ешқандай адам тұру мүмкін емес. 

Раушан Әлжанбаева, оралмандар орталығының тұрғыны:

Газден адамдар келіп тұр екен. Мына газды өшіреміз, бізге квартирное бюродан аварийный деп документ тапсырды. Біз енді айырамыз, газден деді. Мен далаға шықтымды айттым: алты баласы бар келінім, балдарым отыр, қалай бұны өйтесіңдер деп едім, жаңағы кісі қорқып кетті. Мына үйді адам отырған аварийный деді, біз білмейміз, апа, барып шешіп алыңыз, сосын бізге хабары болса. Квартирное бюродан қыз келіп: апа, мен сіздің үйлеріңді аварийный деп уже документ тапсырып қойдым, үй аварийный бұзылады деді. 

Раушан апа ойбайлап далаға шықпаса бұл үйлерді жұмысшылар газдан ажыратып кетер еді. Енді электр мен су қызметтерінен келетін болар деп қорқып отыр. Қала әкімдігі мен Нұр Отан партиясының филиалы олар үшін күнделікті жұмыс орны сияқты.

Мақсұт Баекеев, Нұр Отан партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Тұрақты назарымызда, қадағалауымызда. Қазір қыс мезгілі, бұдан кейінгі уақытта осы үйге кезектері келгенше тұрғын үй пәтерге кезегі келгенше қалдыруына ықпал жасалуы керек. Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, қазір жылу маусымы, соған байланысты әзір шығарылмауы тиіс.

Алайда апатты үйлердің оған дейін құлап қалмасына кім кепіл? Дуалмен қоршалса да, көрінбей қалмайды - мына үйлер де Қызылордада тұр. Бұл бұрынғы түрменің ескі казармалары. Алпысқа жуық адам тұратын үйлерде тек электр жарығы мен су бар. Кәріз жүйесі, жертөле, қоқыс тастайтын орын жоқ. Газ құбыры баспанаға келіп тұрғанымен, пәтер ішіне кіргізуге көпшілігінің қалтасы көтермейді. Нанын зорға тауып отырғандар өздері қаражат жинап, сараптама өткізуі тиіс екен. Сонда ғана үйлері «апатты» деп танылып, арнайы тізімге енуі мүмкін. Бұл сол қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Сәрменбаевтың сөзі. Ресми адамдар Қызылордада апатты үйлер мәселесі түбегейлі шешілгенін мәлімдейді.

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».