$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Қайырымдылық. Жадыра мен Раушанның үйлері бар!

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
3881
Қайырымдылық. Жадыра мен Раушанның үйлері бар!

Қайырымдылық істерді айту керек пе, әлде қажеті жоқ па? Дәлірегі, есепсіз көмек көрсететін адамдарды. Бірінші кезекте жомарт жанның өзі шешеді – сиқыр жасайтын жұмбақ жан болып қалғысы келе ме, жоқ, белгілі-бір себептерге байланысты жариялай ма. Анығы - қайырымды жанның назарына іліккісі келетін, себебі барар жер, басар тауы қалмаған – ешқандай амалы қалмаған адамдар көп болғандықтан айту керек те сияқты. Және ит тірліктен кейін Адам сияқты өмір сүре бастағандарды көріп, біреуге шаттық сыйлаудың қаншалықты маңызды екенін ұққан басқа кісілер де қимылдай бастайды. Бұл қарапайым қағиданы қайталаудың қажеті жоқ та шығар... Жадыра мен Раушанды қатты қуантқандар туралы Диана Сапарқызының материалы.

Мына отбасы балаларының қазір ғой, күліп жүргені. Олар осыдан бір-ақ жыл бұрын қырық жамау, «үй» деп айтуға келмейтін күркеде тұратын. Аш болатын.
Алты баласы бар отбасы 6 жыл қатты қиналған. Сол күндерін еске алса, отанасы Жадыра қайта қамығып қалады.

Жадыра Нарходжаева, көп балалы ана:

Қиналдық. Ол жерде есік, терезе деген болған жоқ. Жолдасымның бір тапқан қаражаты ол жеп ішуден артылмайды. Алты бала оңай емес. Полы вообще цемент болды. Суық өтті. Содан печка құрып сол жерде тұрдық. Суы жоқ болды, ол жердің. Су тасыдық. Әйтеуір жыртық-жамауларын, жамап, кілеммен жауып.Солай сол жерде алты жыл.

Раушан Иманғалиева да 6 баланың анасы. Оның кішкентайлары мен күйеуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Көктемде үйлерін су басып, баспанасыз қалған. Әкімдіктің табалдырығын тоздырды, бірақ ешнәрсе шықпады. Жаны қысылған ананың бәрінен үміті үзілді... Өмірден түңіліп те кетті.

Раушан Иманғалиева, көп балалы ана:

Екі кенжем мүгедек болғандықтан, ешқайда бір қосымша жұмысқа ешқайда шыға алмаймыз. Өзіміз пәтер жалдап. Содан кейін бізге мына киіз үйді мамырда берді. Акимат берді. Сұрадым енді маған бірнәрсе беріңіздер енді деп. Не палатка болсын, не юрта болсын. Бірнәрсе беріңдер дедім. Баратын жерім жоқ. Жазда ештеңе болмасын деп жаңағы киіз үй сұратып, беріп құрып берді. Оған дейін біз гаражда тұрғанбыз. Машинада жаттық балаларымызбен.

Жадыра мен Раушанның өздері айтпақшы, «құдай бар екен». Бірлесе қимылдаған қайырымды жандар жылағандардың жасы құрғаған сыйлық жасады.

Қазір Жадыра отбасымен мына жарық та, жылы, заманға сай салынған үйде тұрып жатыр.... Ал Раушан апай мына үйдің құрылысы біткенін тағатсыздана күтіп жүр. Сонда да қуанышында шек жоқ, себебі бүгін-ертең жаңа баспанаға көшіп келетінін біледі...Сенімді.

«Асыл  адам» қоры 2014 жылдан бері баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларға үй салып беріп, жұмыс таппай шаршап кеткен адамдардың кәсіппен айналысуына көмектесіп келеді. 3 жылдың ішінде 10-нан аса отбасына шаңырақтарын құрып берген. Қорда архитектор, дизайнерлер, құрылысшылар, еріктілер істейді. Баспана салу бойынша өзіндік талаптары барын айта кетейік. 

Көңілбай Шүкенов, «Асыл адам» қайырымдылық қорының бас директоры:

Отбасы түгел болу керек. Көп балалы болу керек. Отбасы ажырасып, қосылмаған және ажырасып кетпеген отбасыларға басымдылық береміз. Қандай қиыңдық болса да отбасылық құндылықтарын жоғалтпай, бірге өмір сүріп, бірге келе жатқан отбасыларға басымдық беріледі.

Бұл жобаны іске асырып жүргендердің өздері де тар дүниенің тұзын татқандар. Жоқшылықтың не екенін білетін адам өзгеге жаны ашып тұрады. Көп ретте.

Көңілбай Шүкенов, «Асыл адам» қайырымдылық қорының бас директоры:

Бұлар әртүрлі қиындықтан шыңдалып өткен жігіттер. Сондықтан бұл кісілердің барлықтарының басымызды біріктіретін идея ол - Қазақстан мемлекетінде жетімдер үйі болмайтын, қарттар үйі болмайтын, ажырасып кеткен қаңғыбас әйелдер болмайтын немесе ана мен бала үйі сияқты, сондай бір әлсіз аз қамтылған отбасылардың көзін жоюға, түбегейлі жоюға бағытталған жастардың бірліктері.

Диана Сапарқызы, тілші:

Мейірімге толы жүрекке зәру жандар аз емес. Бірақ оларға әркім демеу бола бермейді ғой... Қайырымды кісілердің өмірден түңілген адамдарға жарық сыйлағанын әспеттеп сюжет жасайтының сондықтан.