Астанада қоғамдық орында кальян шеккен азаматтар жауапқа тартылды.
Астана қаласында Сарыарқа аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары бірқатар ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарды тексерді. “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы барысында кальян шегу фактілері анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданды. Жеңіс және Сарыарқа даңғылындағы мейрамхана мен компьютерлік клубта кальян шегу фактілері анықталып, қорқор шеккен 31 және 22 жастағы азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Осы жылдың басынан бастап сақшылар заңсыз кальян шегу фактісі бойынша 7 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Полиция қоғамдық орындарда кальян тұтынудың заңмен тыйым салынғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды қолданыстағы заңнаманы сақтап, өз денсаулығы мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.