Павлодарда 7 оқушы сабақ кезінде күйіп қалды. Оқиға қаладағы №37 мектепте болған. Дене шынықтыру сабағы кезінде 6-сынып балалары пластик бөтелкеге құбыр тазалауға арналған химиялық затты салып, араластырған. Салдарынан бөтелке жарылып, оқушылардың көзін, бетін, қолын күйік шалған. Зардап шеккен балалар бірден ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың өміріне төніп тұрған қауіп жоғын айтады. Тыйым салынған затты балалардың мектепке қалай алып кіргені белгісіз. Қазір осы іс бойынша құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады.
ҚАҺАРМАН БАЙМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
Балаларға медициналық көмек көрсетілді. Күйген жаралардың орны тазаланып, қажетті ем дом шараларын жасадық. Негізінен бет және қолы күйген. Жараның орны терең емес. Сол себепті барлық бала үйден емделуге жіберілді.