Елде бойдақтар саны артты. Соңғы он жылда некеге тұрғандардың саны 164 мыңнан 128 мыңға азайған. Салдарынан бала туу көрсеткіші төмендеді. Теңін таппай теңселіп жүргендер амалсыз неке агенттіктеріне жүгінетін болыпты. Тіпті, ақшаларын аямайды. Былтыр осындай қызмет үшін 2 миллиард теңге жұмсаған. Тақырыпты Аружан Задабек «Өзекті» айдарында толығырақ тарқатады.
Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
Қазіргінің жастары асықпаған арбамен қоян алады дей ме, қайдам, әйтеуір үйленуге асықпайды. Оң-солын саралап, кем-кетігін түгендегеннен кейін ғана шаңырақ көтеруді ойлайды. Бірақ мамандар бұл тенденцияға алаңдаулы. Өйткені жас өскен сайын балалы болу мүмкіндігі азаяды, -дейді. Бұрын ата-бабаларымыз 13-те отау иесі дейтін. Бертін келе бұл пікір де өзгерді. Қазір бойдақтар «шашымның санап әр ағын, отыздан асып барамын» деп әндетіп үйленеді. Оған дейін "жалғыздың шаңы шықпасын" ойламайды. Отбасын құруға асықпайтындардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады екен. Оларға «неге үйленбейсің» десең, айтатын сылауы - мынау.
БЛИЦ:
- Үйлену оңай, үй болу қиын деуші еді. Қазір үйлену де қиын. Үй болу одан да қиын болып кетті.
- Өз күнімді әрең көріп жүргенде нем бар үйленіп? Бойдақ жүргенім жақсы емес пе?
- Жігіт жоқ болса кімге шығамын? Маған күйеуге шықшы дейтін еркек керек.
Мәселенің ушыққаны сонша, депутаттар бойдақтарға салық салайық деген бастама көтерді. Бәрі гу етті. Халық қалаулылары жастар арасында баладан саналы түрде бас тартатындар саны артып кетті, бұл ұсыныс осыны алдын алу үшін бағытталған дейді. Мұны қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар.
БЛИЦ:
- Жағдай жасасын одан да отбасын құруға.
- Ой, Құдай, жастарға жағдай жасап берсейші. Не үй жоқ, не жұмыс жоқ, несіне үйленеді?
Жұбын таба алмай жүргендер амалсыз неке агенттіктеріне бас сауғалайтын болған. Есігін қағып, «маған жар тауып берші» дейтіндер біз ойлағаннан да көп екен. Былтыр осындай жастар табыстыратын бюроларға 2 миллиард теңге қаражат жұмсаған. Қызық, иә!
БЛИЦ:
- Мә, сондай агент бар ма? Жігіттің бәрі қайда десем...
- Неге баяғыдан білмегенмін? Адресі керек маған.
- Маған кім шығады? Дымым жоқ, жыртық носки. Бірақ красавчикпін.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!