Мемлекеттен көмек алып, қарызын әлі қайтармаған 4 банк бар. Олардың берешегі 1,3 трлн теңгеге жеткен. Мәжіліс қабырғасында банк қызметі туралы заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова осылай деді. Жауаптылар Alatau City Bank-тен басқа ұйымдар алдағы 5 жылда қарызын қайтаратынын жеткізді. Берешекті ертерек беру үшін банктерге жаңа кесте жасалған.
МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Банктерге берілген мемлекеттік көмекке келсек, қазір 4 банкте 1,3 трлн теңге мөлшерінде мемлекет қаражаты бар. Дәлірек айтқанда, Еуразиялық банкте – 150 млрд теңге, РБК банкте – 176,8 млрд теңге, Alatau City Bank-те – 950,2 млрд теңге және Nur Bank-те 46,8 млрд теңге бар.
Енді банктерді мемлекеттік қолдауға шектеу енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты. Бұл бюджет қаражатын пайдалануды шектейді. Сондай-ақ, қаржы ұйымдарының тұрақтылығын қалпына келтіру үшін ынталандыру жасайды. Ал қолдауды тек жүйелік маңызы бар банктер алады. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк анықтайды. Айта кетейік, Қолдау бойынша міндеттемелер толық өтелмейінше, акционерлер мен басшыларға дивидендтер мен қаржылай өтемақы төлеуге тыйым салынады.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бюджет қаражаты есебінен банктерге көмек көрсету мәселесі депутаттар мен қоғам тарапынан үнемі сынға алынып келеді. Проблемалы банктерді реттеудің қолданыстағы тетіктері мемлекеттің қатысуын шектеудегі халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіруді талап етеді.