$541.18 €636.05 ₽6.52
×

Оралда қала күніне орай ORAL JASTARY FEST – 2025 өткізілді

15.09.2025ж. 19:00
Оралда қала күніне орай ORAL JASTARY FEST – 2025 өткізілді

Оралда қала күніне орай жастар фестивалі өткізілді. Ұйымдастырушылар биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына басымдық берген.  Осылайша жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, еңбекке құрмет-құлшынысын күшейтеміз дейді. Кең ауқымдағы шараға он мыңға тарта оралдықтың қатысуы да осы мәртебелі мамандықтың мән-маңызын арттыра түскендей.

Болашақ сәулетші Айнат сурет салғанды жаны сүйеді. Фестивальға өз туындысын ұсынған студент іріктеу сынында іркілмепті. Қазір де қазылар алқасы бағалайтын шығармасының соңғы штрихтарын ұштап жатыр.

АЙНАТ АСЫЛБЕК, СТУДЕНТ:

Үйлерді салғанды жақсы көремін. Маған архитектура өте қатты ұнайды. Үйлерді қарап бейнелеп. Бұл менің суретім. Малярный жұмыстар. Бұл - біздің құрылыс маманының бейнесі және оның қолданатын құралдары.

Фестивальға Айнаттың 10 мыңға тарта замандасы қатысты. Олар мамандық көрмесінде өз жобаларын таныстырды. Темірден түйін түйген дәнекерлеушілер спорт алаңдарын қалпына келтірсе, дәмі тіл үйіретін торт пісірген кондитерлер де біраз тер төккен.  Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы бұл фестиваль - жастарға серпін бермек, дейді ұйымдастырушылар.

ДУЛАТ ЖҮСІПҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ:

4 мамандық жұмысшы мамандығына акцент қойып жатырмыз. Соның ішінде "Үздік тігінші", "Үздік кондитер" және "Үздік шаштараз" және " Үздік дәнекерлеуші". Барлығы  бір ай бұрын әлеуметтік желіде ашық конкурс екені жарияланды. Қатысушылардың арасынан әділ түрде сайыстар өткен болатын.

Байқау жеңімпаздары арнайы жүлделермен марапатталды. Кешті қорытындылаған гала-концертте Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Фестиваль жастарға шабыт сыйлап, шаһардағы мерекенің шырайын аша түсті.