Елде диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар іске асырылып жатыр. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлініп, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ақмола облысында өткен егін жинау науқанына арналған кеңесте айтты. Шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары қатысты. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев егін шаруашылығын дамытудағы басым міндеттерді айқындап берді.
Қазіргі егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажеттігін Президент шегелеп айтты. Өйткені еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқаны ойдағыдай жүзеге асса, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр.
Президент еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. «Егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтып, мол табыс табуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет.
Сондай-ақ Президент жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп санайды. Әртүрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет екенін ескерсек, сақтау орындарының тапшылығы байқалады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екені анық. Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға баса назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отандық нарықты өзімізде шығарылған тұқыммен қамтамасыз етудің нақты қадамдары керек.
«Қазір жасанды интеллектсіз өмірімізді елестету мүмкін емес». Осылай деген Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн.
Бұдан өзге жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. "Біз есеп үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істейміз" деген Президент ауыл шаруашылығының жай-күйі оның ерекше бақылауында екенін жеткізді.