$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXIII отырысы басталды

16.09.2025ж. 19:00
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXIII отырысы басталды

Әлем назары тағы да Қазақстанға ауды. Елімізде кезекті рет әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері жиналды. Бірліктің шырақшысы боп жүргендер негізгі жиын қарсаңында өзара отырыс өткізді. Қатысушылар форумның күн тәртібін бекітіп, Ізгі ниет елшілерін сайлады. «Астана бейбітшілік декларациясын» да талқылауды ұмытпады. Әлем үшін маңызды шараға 60 елден 700-ден аса мейман келген. Бейбітшілік үшін шекара асып келгендердің бұл жолы қаузайтын тақырыбы қандай? Әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.

Астана. Бейбітшілік және келісім сарайы. Татулықтың символына айналған ордаға  әлем татулығын тілейтіндер табан тіреді. Ертең әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-Съезі шымылдығын түреді. Ал, бүгін мәртебелі қонақтар  «өздері отырып шай» ішіп, күн тәртібін талқылады. Жиын басталмастан бұрын-ақ, түрлі конфессия өкілдері бір-бірімен құшақ жая қауышып, төс қағысып үлгерді. Бірлік бар жерде – тірліктің барын білетін жұртқа қонаққа келген меймандар мәре-сәре.

УСАМА ФАХРИ, МЫСЫРДЫҢ УАҚЫПТАР МИНИСТРЛІГІНЕ ҚАРАСТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕР ЖӘНЕ ҚАСИЕТТІ ҚҰРАН ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен осы съездің мүшесі болғаныма қуаныштымын. Бұл жиын - әлемде тыныштықтың орнауына бастама болатын ізгі бастама.  Егер жиында қозғалған мәселенің бәрі орындаса онда біз мақсатымызға жеттік деген сөз.

Астана – бейбітшілік пен рухани келісімнің символына айналған шаһар. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі алғаш рет 2003 жылы осы елордада өткен еді. Содан бері бұл маңызды жиын әр үш жыл сайын тұрақты түрде дәл осы қалада ұйымдастырылады.

Алғашқы дінаралық саммитке Еуропаның, Азияның, Африканың және Таяу Шығыстың 13 елінен әр-түрлі дін өкілдері мен қонақтар жиналды. Бұл кезең әлемде дін атын жамылып, лаңкестік ұйымдастыру белең ала бастаған жылдармен тұспа-тұс келді. Дін лидерлерінің II съезі жаңа ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында басталды. Ал үшінші жиынға БҰҰ, ЮНЕСКО өкілдері де арнайы келді. Осылай 2012, 2015, 2018 жылдары да жалғасты. 2022 жылы әлем назары тағы Қазақстанға ауды.   Бұл басқосудың жөні бөлек болды. Пандемиядан кейінгі ауқымды кездесу ретінде есте қалды. Оған бұрыңғы Рим Папасы Франциск арнайы келген еді.

ЖАЛҒАС САНДЫБАЕВ, ҚАЗАҚ ИСЛАМ ҚҰҚЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Дәстүрлі бастамалардың бірі. Қазақстанда, Астанада өтуі де біздің әлемдік деңгейде татулық, бірлікке қатысты имидждің қалыптасуына бір қадам деп ойлаймын.

Ал бүгінгі жиын бұрыңғыдан өзгерек. Қазір Украина, Газа мен басқа аймақтардағы жағдай жанды ауыртады. Қақтығыс салдарынан талай адам қаза тапты. Бұл – қабырғаны қайыстыратын мәселе. Гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы да алаңдатып отыр. Саяси толқулар, идеологиялық қарама-қайшылық және сенім дағдарысы күшейе түсті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халықаралық қауіпсіздік тетіктері қауқарсыздық танытып, протекционизм мен біржақты әрекеттер артуда. Мұндай сын-қатерлерді еңсеру үшін барлық конструктивті және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі айрықша мәнге ие.

Иә, қазір геосаяси және геоэкономикалық жағдай күрделі. Мемлекет арасында қайшылық көбейді. Қонақтар бұл мәселеге ерекше тоқталды.  Осындай кезеңде Қазақстан секілді  өзара іс-қимыл жасай алатын елдің рөлі арта түседі деді. Бір терінің пұшпағын илейтін болған соң, қозғаған мәселенің бәрін іс жүзінде орындауға атсалысамыз деп уәделесті.