Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы сессия өткізді. Жиынға ұйымның бас хатшысының орынбасары, Өркениеттер альянсының жоғарғы өкілі төрағалық етті. Басқосуда діни нысандарды қорғау, ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттер мен діни ұйымдар арасындағы жаһандық әріптестікті нығайту мәселелері қаралды.
АНВАР АББАС, ИНДОНЕЗИЯ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әлемде татулықты сақтап, қауіпсіз орта құруымыз керек. Бүгінгі бас қосудың да маңыздылығы осында. Қасиетті орындарға жасалатын шабуылдарды болдырмауымыз керек. Бұл - бүкіл халықаралық қауымдастықтың үйлесімді және жедел әрекетін талап етеді.
Сессияда Біріккен Ұлттар Ұйымының діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру тетіктері де талқыланды. Құжат ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сенушілерді қорғау, заңнамалық негіздерді күшейту және толеранттылық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.
ЖАНДӘУЛЕТ СҮЛЕЙМЕНОВ, ДІНТАНУШЫ:
Бүгінгі мына бас қосуда тағы да қозғалған бір нәрсе осы делегаттардың атынан барлығымыз үн қосқан ол кез-келген адам діни сеніммен, бірақ ол шеттен тыс зорлық-зомбылық әрекетке баратын болса, ол діннің контенттерін дұрыс түсінбеген деген тұжырым жасалып жатыр.