$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Бокстан Ұлттық құрама елге оралды

Бокстан Ұлттық құрама елге оралды

Бокссүйер қауым мен жанкүйерлер чемпиондарды қарсы алды. Астана халықаралық әуежайында қанжығамызды алтынмен байлаған Ұлттық құрама боксшылары мен бас бапкер Қайрат Сәтжанов келіп қонды. Жеңімпаздарды құттықтап, ыстық ықыласын білдірген АМАNАТ партиясының Жастар рухы Жастар қанаты шашу шашты. Елорда намысын қорғайтын Санжар Тәшкенбай алғаш болып екі дүркін әлем чемпионы атанды. Қос былғары қолғап шебері мен бас бапкер және жеке жаттықтырушыларға бокс жанашырлары шапан жапты.

САНЖАР ТӘШКЕНБАЙ, БОКСТАН ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Эмоциям өте күшті. Серік Сәпиев ағамызға қатты қызығамын. Әсіресе, бокс стиліне. Серік ағамыздың жетістігін қаншама жылдардан кейін қайталағаныма қуаныштымын.

АЙБЕК ОРАЛБАЙ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Үшінші раунд қиын болды деп айтайын. Үшінші раундта барымды салдым. Өзбек боксшысының шаршап қалғанын көрдім. Ол маған керісінше, жігер берді. Оның аузынан капасын түкіргені секілді әрекеттері, менің жеңіске деген ұмтылысымды күшейтті.

Айта кетейік, соңғы жекпе-жектен кейін ғана Қазақстан құрамасы алтын медаль саны бойынша көршілес Өзбекстанды қапы қалдырды. Дегенмен, команда капитаны – Айбек Оралбай алғашқы екі раундта төрешілердің қателігіне қарамастан мойымағанын айтты. Соңғы болып тікелей қарсыласы Өзбекстандық боксшыға қарсы шығып, жалпыкомандалық есепте елімізді алға шығарды.