Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Съезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің жаңа технологиялық дәуірге қадам басқанына назар аударды, деп хабарлайды Astana TV.
– Жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия және басқа да революциялық жаңашылдықтар адамның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертті. Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогын ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.
– Бүгінде көптеген ойшылдар постсекулярлық дәуірдің басталғанын жиі айтады. Яғни мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Біздің Съезд замана көшінен қалмауға тырысады. Сондықтан дін өкілдерінің диалогын ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтеміз. Рухани даналық пен сарапшылар білімінің синтезі жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалардың тиімді шешімін табуға жол ашуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы болашақ жастардың қолында екенін жеткізді.
– Өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі керек. Қазіргі жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселелер – ортақ. Демек сол түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет. Сол себепті, Съезд аясында Жас дін көшбасшылары форумы екінші рет өткізіліп жатыр. Бұл форумға қатысушылар ашық пікір алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Бәріміз рухани көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Оларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ парыз. Қазақ халқында «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, бәріміз күш-жігерімізді біріктірсек, жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Біз Астана төрінде осымен сегізінші мәрте бас қосып отырмыз. Бұл дін басшыларының арман-мұраты ортақ екенін аңғартады. Бүкіл адамзатқа төнген түрлі қауіптерге бірігіп қарсы тұруға дайын екенін көрсетеді. Осы дөңгелек үстелдегі құрмет пен достық рухы дүние жүзін ынтымаққа бастасын! Игі мақсаттарға бірге жетейік, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.