Қарағандыда “Кітап оқитын ұлт” жобасы қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі берік, болашағы баянды болады. Осы қағиданы басшылыққа алып, біз қыркүйектің басынан «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолға алдық. Мақсатымыз бір – халқымызды бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлттардың қатарына қосу. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл бөліп отырғаны бекер емес. Мұның астарында ұлттық мұрат пен мемлекеттік мүдде жатыр. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтырғанда ғана рухани серпіліске, сапалы өрлеуге бет бұрамыз”,-деп жазды ол.
Өңірде өтіп жатқан мәдени-ағартушылық сайыс – ұлттық бастаманың алғашқы қадамы дейді Әлібек Әлденей. Республика бойынша бұл жобаны пилоттық форматта тұңғыш рет қолға алған соң, әрине, қобалжу да болды, толқу да болды. Телефонға телміріп, әлеуметтік желіге шырмалған заманда халыққа кітап оқыту қиын болар ма екен деп алаңдағанын жеткізді.
“Алайда, алғашқы күннен-ақ халықтан лег-легімен түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштер бұл күдікті су сепкендей басты) Оқырманның ынтасы бар, тек дұрыс жол көрсетіп, мүмкіндік беру керек екен. Әр санат бойынша тіркелгендер саны күннен күнге артып барады. Бүгіннің өзінде 60 мыңнан астық!”,-деп жазады.
Аудан, қала, ауыл тұрғындары жобаның ресми парақшаларына – https://www.instagram.com/kitapoqitynult... – сондай-ақ, арнайы ашылған сайтқа https://reading-nation.kz/ru/ үздіксіз тіркеліп жатыр. Бар ақпарат осы платформаларда жарияланады.
Бүгінде қатысушылар саны бойынша көш басын Қарағанды қаласы бастап тұр. Шахтинск, Теміртау, Балхаш. Шет, Бұхар жырау, Осакаровка, Нұра аудандары да намысты қолдан бермей келеді.
“Байқауды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын тәжірибелі ұстаздар, мен тіл мамандарын Жобалық кеңсеге біріктірдік. Олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Жалпы, аяқ алысымыз жаман емес. Бастысы – санмен емес, сапамен діттеген мақсатқа жету. Және жеңіп, жүлделі болудан бұрын, ең алдымен халықты кітап оқуға қызықтыру, дағды қалыптастыру. Осындай игі бастаманы ұйымдастырған «Кітап оқитын ұлт/Читающая нация» қоғамдық қорына, «AMANAT» партиясына, сонымен қатар, қаржылай демеу көрсеткен Alageum және RGB компанияларына алғыс білдіреміз”,-делінген жазбада.
Байқау бүкіл елімізде дәстүрлі түрде өтіп, шын мәнінде жалпыұлттық қозғалысқа айналса, елімізде парасатты ой мен биік мәдениет үстемдік құрады, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады. Сонда ғана өркениетті қоғам құрып, алып мемлекеттермен тең дәрежеде дамимыз,-дейді облыс әкімінің орынбасары.