Қазір дүниежүзінде сын-қатер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Салдарынан қақтығыс көбейіп, тұрғындар зардап шегуде. Мемлекет басшысы әлемдік және дәстүрлі діндер көзбасшыларының съезінде көпті алаңдатқан мәселені көтерді. Алмағайып кезеңде сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек деді. Әлем үшін маңызды жиынға 60 елдер 700-ден аса қонақ келді.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Астананың аспаны бүгін ерекше ашық. Қаланың төрінде — Тәуелсіздік сарайында дін көшбасшыларының дәстүрлі съезі басталды. Дін мен дәстүр тоғысқан жерде — сөз де, ой да салмақты. Бірақ, ресмиліктің арасында жылы күлкі де, көңіл жарасты әңгіме де бар. Бірі ақ шапан, бірі қара қалпақ, енді бірі алтын таяқ ұстаған мәртебелі қонақтар “Дін — іріткі емес, бірлікке ұйытқы болуы керек” десті.
Тілі басқа болғанмен, тілегі бір. Діні басқа болғанмен, діңгегі бір қатысушалар қол алысып, бір-бірінің иығын қағып, әзілдесіп жатыр. Қазақ “Ырыс алды — ынтымақ” дейді. Бұл съезд- соның дәлелі. Әркім өз жолымен жүрсе де, бұл жерге бір ниетпен жиналды. Сенімі әртүрлі болса да тілегі ортақ. Ол - бейбіт өмір.
ИБРАХИМ САЛЕН ӘЛ-НАЙМИ, ДОХА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДІНДЕР АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Дүниежүзіндегі жұрт әлемде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамауы тиіс. Қазір Газа секілді өңір тұрғындары аштық пен соғыстан зардап шегіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл іске жауапкершілікпен қарау – бәрімізге мінде.
Мемлекет басшысы мінберге көтерілді. Сөзін салмақпен бастады. Даусы – байсалды, сөзі – мағыналы. Халықаралық ахуал ушығып, қақтығыс көбейген шақта бейтарап елдің не айтары бәріне қызық. Дәл қазіргі шақта ешкімге оңай емес. Соғыстың сипат алып бара жатқаны жанға батады. Мұның бәрін нүкте қоятын бір-ақ нәрсе. Ол – келіссөз.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол.
Киелі діни орындар мен нышандарды қарғау – бірінші талап. Екінші, әлемдегі жағымсыз үрдістерге нүкте қоятын кез келді. Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің белең алуы алаңдатпай қоймайды. Президент Қазақстан осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударады деп шегеледі. Бұдан бөлек инновация, жасанды интеллект, экология, цифрландыру тақырыптарына тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Адам құқығын қорғау саласы айтарлықтай күшейді. Конституциялық сот құрылып, омбудсмен институты нығайды, арнайы заңдар мен жарлықтар шығарылды. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алдық.
Татулықты ту етіп шекара асып келген меймандардың бұл жиыннан күтері көп екені анық. Президенттің әр сөзін мұқият тыңдап отырған меймандар әлемдегі дүрбелең жайлы айтылар ма екен деген үмітпен отыр. Айтылды. Тоқаев саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып бара жатқанын айтты. Ашаршылық жәйі тағы бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Діни қайраткерлер саясаткерлерді парасаттылыққа, ізгілікке және моральдық жауапкершілікке үндеп, әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін.
Қазақстан – мұсылман әлемінің қиыр солтүстіктегі ең үлкен аймақ. Еліміз отыз жыл бұрын Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі атанды. Енді өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі керек. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселе – ортақ.
ЕЛНАР БЕРІКБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Әр сьезд өзінше ерекше. Өткен жиында марқұм Рим Папасы қатысып еді. Биыл келген қонақтар тізімі де ауқымды. Жалпы, жыл сайын артып жатыр деуге болады. Жасанды интеллектінің әсері талқыланды. Дінкөшбасшылары өздері жеке әңгімелесіп, ой бөлісті.
Қазақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Үлкен сеніммен келген шетелдік делегация мүшелерінің де айтпағы – осы. Бәріміз күш-жігерімізді біріктірсек қана жаһандық сын-қатерлерге төтеп беретінімізге сенімді. Бұл жиын – сегізінші басқосу. Осының өзі дін басшыларының арман-мұраты ортақ екеніне айқын дәлел.
РУДРАКША САКРИКАР, ИНДУИЗМ ДІНІНІҢ ӨКІЛІ:
Үндістанда да мұндай жиындар өтіп тұрады. Бірақ дәл Қазақстандағыдай ауқымды емес. Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Бұған дейін де съезге қатысқанмын. Бірақ бұл жолғының жөні бөлек.
“Дін – жүректен шығып, жүрекке жетуі тиіс”, деді делегат. Рас сөз. Себебі, сенім – саясаттың құралы емес, адам мен адамды жақындататын көпір.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Осылайша, Астанадағы алтын басқосу — сан түрлі сенімнің саммиті, татулықтың темірқазығына баланды. Бұл — саясаттың емес, парасаттың мінбері. Елорда осы жолы руханияттың төріне айналды. Бүгінгі күннен басты түйгеніміз: Жер бетіндегі әр тіл, әр дәстүр, әр сенім – бір-біріне бөгет емес, байлық.