Елімізде енді архив ісі қызметкерлеріне 25 пайыздық үстемақы төленеді. Бұл туралы депутат Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді. Бұдан бөлек, екі бірдей мемлекеттік архивке "Ұлттық" мәртебесі берілетін болды. Жаңа заң жобасы салаға қандай серпіліс әкеледі? Бекболат Сатуов тарқатып айтады.
Үнемі тасада қалып қоя беретін архив ісі бүгін мәжілісте қызу талқыланды. Депутат Елнұр Бейсенбаев сөреде шаң басып, сарғайып жататын қағаздар енді электронды жүйеге көшеді деді. Себебі өңір-өңірде шашыраңқы жатқан мәліметтер күні бүгінге дейін реттелмеген. Ең бастысы заңда сала қызметкерлері назардан тыс қалмаған. Жалақылары өседі.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандары лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша 25 пайыз ақы төленеді.
Бұдан бөлек, соңғы уақытта көптеген ұйым қызметкерлері туралы ақпаратты архивке өткізбейтін болған. Сондықтан жыл сайын мекемеге 300мыңға жуық түсетін сұраныстың 40 пайызға жуығы қанағаттандырылмайтын көрінеді. Сондықтан бұл мәселені қолға алу маңызды дейді,-депутаттар.
БОЛАТБЕК НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл – миллиондаған адамның мүддесін қорғауға қатысты мәселе. Мұндай жағдайдың салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. 2024 жылы тек жеке құрам бойынша мемлекеттік архивтерге өткізілген құжаттардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 59%-ға азайды. Бұл үрдіс жылдар бойы жалғасып келеді. Әр құжаттың артында нақты бір адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Заң жобасында Астана және Алматы қаласындағы архивке ұлттық статусы берілді. Мәртебемен бірге мамандардың жалақысы көбейеді. Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.