$541.01 €640.34 ₽6.52
×

Трамп: «Израиль енді білгенін істесін»

Трамп: «Израиль енді білгенін істесін»

Ұлыбритания жұрты Трампты қапы қалдырды. Король отбасымен кездесуге келген АҚШ Президентін қарсы алмағаны бөлек, жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр. Өз кезегінде, АҚШ Президенті: «Енді ХАМАС-тың обалы жоқ, Израиль білгенін істесін деп», - деп қойып қалды. Трамптың жақтасы Чарли Керкті өлтірген студент – Тайлер Робинсонға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Енді ХАМАС-қа да, Газа халқына да еш жанымыз ашымайды. Израиль не істесе де қолдау білдіреміз. Дональд Трамп осылай деді. ХАМАС пен Қатардың соңғы мәлімдемелері АҚШ Президентінің ашуына тиген. Осыған дейін Израиль Қатарға шабуылап, ұйым өкілдерін өлтірген кезде, енді израильдік тұтқындарды тірі көрмейсіңдер деген еді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

ХАМАС израильдік тұтқындарды «Тірі қалқан» етпекші. Осылайша, өздеріне ор қазып жатыр. Сол үшін Израильге тоқтау қоймаймын да. Білгендерін істесін. Толық ХАМАС-ты толық жойып, әр мүшесін өлтірмейінше, қолдау көрсетеміз.

Осыны айтқан Трамп бірден Ұлыбританияға аттанды. Лондонда АҚШ Президенті Король Чарльзбен кездеспек.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өзгелерді Букингем сарайында қабылдаса, тек мені ғана Виндзорға шақырып жатыр. Виндзор – әлемдегі ең керемет патша сарайы. Сондықтан, осыған қарап-ақ, менің дәрежемді түсіне беріңдер. Жалпы, Ұлыбританияда көптеген бизнес-мүдделеріміз бар. Соларды жайғастыруға бара жатырмын.

Бірақ, кенеттен бүкіл Ұлыбритания Трампты қапы қалдырды. Әуежайда қарсы алмай, әйелі Мелания екеуін жалғызсыратып қойды. Лондон халқы жаппай наразылық акцияларына шығып, АҚШ Президентін ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттады. Одан қалды, жасөспірімдерге зорлық көрсеткен Джеффри Эпштейнмен суреттерін үлкен қабырғадан көрсетті.

Трамптың жақтасы – Чарли Керкты өлтірген студент Тайлер Робинсон өлім жазасына кесілуі мүмкін. Оған қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Оған ең ауыр баптар бойынша айып тағылып отыр.