$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Елнұр Бейсенбаев: «Мектептерге антибуллингтік бағдарлама енгізу керек»

17.09.2025ж. 16:37
Елнұр Бейсенбаев: «Мектептерге антибуллингтік бағдарлама енгізу керек»

«AMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы депутаттық сауал жолдады.

“Бала – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Осы бағытта мемлекетіміз тарапынан атқарылып жатқан істер аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен соңғы екі жылдың өзінде балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Заңдар қабылданды, бағдарламалар әзірленді. Алайда, соған қарамастан балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстар толастамай отыр.  Басқасын айтпағанда, бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында үш қайғылы жағдай орын алып, үш жасөспірім қаза тапты. БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданындада қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты.1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай!”,-деді депутат. 

Елнұр Бейсенбаев ресми статистикалық мәліметтерге алаңдаушылық білдірді.   Мәселен, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы аса ауыр қылмыс. Ал биылғы сегіз айда 938 қылмыс тіркелген. Жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе, бұл Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында өршіп отыр.

“Аталған оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі.Мектептерде білім сапасына басымдық берілгенімен, тәрбие жұмысы көбіне қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді. Бұл бір. Екіншіден, жасөспірімдер арасындағы психологиялық дағдарысты байқауға болады. Бүгінде балалардың өз ашу-ызасы мен эмоциясын басқару қабілеті төмен. Ал мектеппсихологтарының саны да, сапасы да бұл мәселені шешуге жеткіліксіз. Ювеналды полиция мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың жұмысы формалды сипаталып отыр. Үшіншіден, ата-ананың баласының тәрбиесіне, оның жүріс-тұрысына, тіпті достарымен қарым-қатынасына дейін жауапкершілігін арттыратын уақыт келді”,-деді Елнұр Бейсенбаев. 

Бала кәмелеттік жасқа толғанша оның әрбір іс-әрекетіне тікелей ата-анасы жауапты деген міндетті заңнамалық негізде бекітуді тиісті мемлекеттік органмен ойластыруымыз қажет. Бұл ретте,ата-аналардың мектепішілік, мектепаралық іс-шараларға қатысуын күшейткен жөн. Өйткені адамдықтың негізі – отбасындағы тәрбие.Жасөспірімдер бұзықшылықты отбасындағы немқұрайлықтан, бірінші кезекте ата-ананың бақылауынан кеткенде жасайды. Төртіншіден,әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр.Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған.  Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарыс-қатынасының нығаюына едәуір әсер етеді.

“Осыған байланысты келесі шараларды шұғыл қолға алғаны жөн: Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибуллингтік бағдарламаны енгізу қажет.  Әрбір мектепте психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдау керек. Спорттық және көпшілік іс-шараларды балалардың арасындағы командалық рухты күшейтуге, бір-бірін құрметтеуге, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруге, заң мен тәртіпті сақтауға бағыттаған жөн. Балалар арасындағы достықты нығайту, олардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу қажет. Мұндай тәжірибені Түркістан қаласы мен арнаулы интеллектуалды мектептер бастап кетті”,-деп атап өтті Фракция жетекшісі.